«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Жауабын өзім берем..."
Жауабын өзім берем..."
Дайындаған: 2 ай бұрын

1986 жылғы Желтоқсанда Алматыдағы 1 млн тұрғынның 16 пайызы ғана қазақ болған. Бүгінде бауырларымыздың қаладағы үлесі 60 пайыздан асты.

Кейінірек Алматы – ЮНЕСКО көлемінде мың жылдығын тойлаған ТМД елдерінің ішіндегі тұңғыш мегаполис атанды.

      Әрине, уақыт қойнауынан жеткен жәдігерлерде атауы сақталған Алматының тарихы тым әріден басталатынына ешкімнің дауы жоқ.

Бірақ, соған қарамастан қаланың жаңа тарихын 1854 жылғы патшалық Ресей салған Верный әскери бекінісінен бастағысы келгендер болды. Алматының тарихын кім бұрмалағысы келмеді? Орыс-орман да, қытай-шүршіт те өз мүддесіне қарай бұрғысы келді. Бүгін есімі естен шықты ғой. 2004 жылдары қаланы Храпунов деген кісі басқарған. Сол пақырыңыз үн қатып, мына жақтан Жетісу казактары қостап, үркердей топ Алматының 150 жылдығын тойлауға барынша күш салды.

      Реті келгенде айта кеткен орынды шығар, осы «мерейтойдың» тойланбай қалуына тікелей тосқауыл қойған бір азамат болды.

Жалпы, өмірде тарихты жасайтын жеке тұлғалар екені белгілі. Оның ішінде, жалындап көзге түсетіндер мен сахнаның сыртында көрінбейтіндер болады. Туған елінің мүддесі үшін үндемей үлкен іс тындыратын сол «көрінбейтіндер» көбінесе елеусіз қалады.

 

      Сондай батыл замандасымыздың бірі – Алматы қалалық Ішкі саясат департаментінің сол кездегі директоры, белгілі публицист-журналист Болат Жүнісбеков деген әріптесіміз еді. Қазақ, орыс тілдерінде емін-еркін жаза беретін іскер маман, өз ортасында беделді. Бірақ көп алдына жиі шыға бермейтін салмақты жігіт қала идеологиясын жүргізіп отырған қара нар десе де жарасатын.

      Бір күні қолында көк папкасы бар сол Болат менің кабинетіме кіріп келді. Мен департаменттің БАҚ бөлімінің жетекшісі едім. Түс кезі болатын. Тікелей бастығым өзі кіріп келген соң, орнымнан тұрып амандастым. Жалпы, журналистика факультетінде қатар оқыған құрдаспыз. Жиналыстарда «сіз» дескенімізбен, оңашада «сен» деп сөйлесе беруші едік.

      – Ия, Бөке, жол болсын! Шақырсаң өзім баратын едім ғой, - дедім таңырқап. Ол есікті нығарлап жапты да, үстелдің үстіне көк папканы тастады.

      – Әңгіме былай, Кәмеке! – деді сыр тастай қарап. – Мынау Алматының 150 жылдығын тойлау туралы қаулы! Қарап шық.

Қарадық. Әртүрлі ұжымдарда кеңінен атап өту, мектеп-колледждерде, ЖОО-ларда мәдени іс-шаралар, концерттер ұйымдастыру, теледидарда деректі сюжеттер түсіру сияқты әдеттегі тапсырмалар бар екен. Соның ішіндегі ең сорақысы – барлық басылымдарда солқылдатып, дабылдатып, Верный туралы материалдарды үзбей беру туралы пункт жазылыпты (Жауапты: Ішкі саясат департаменті деп тұр).

      – Жаңа әкім шақырып алып, осы қаулыны газеттерге жариялауды тапсырды, – деді Болат сөзін жалғап.

      – Жасыратын ештеңесі жоқ. Жарияласақ, өз ағайындарымыздың намысына тиеміз. Мұны сейфіңе салып қой.

     – Басшылар сұраса не дейміз?

     – Сұрап жатса, «газеттерге жолдағанбыз» дей сал! Тіпті, қатты шу шығып жатса, жауабын өзім берем. Саған газетке ұсынбаған «ұмытшақтығың» үшін сөгіс жариялап құтылармыз. Желтоқсан батырына сөгіс деген не? Келістік пе? – деді күліп.

Халықтың намысы таразыға тартылып тұрса, қалай келіспейсің. Тура солай істедік. Орыс тілді бір-ер газет бірдеңелерді түрткен сияқты болғанымен, бүкіл қазақ газеттері бұл тақырыпты айналып өтті. Қазір қарап отырсам, қала басшысының тапсырмасын құрдымға жіберген Болат замандасымыз отпен ойнағандай күй кешкен екен. Басы кетпесе де, қызметімен қош айтысуы мүмкін еді. Абырой болғанда, өзінің жеке тірлігін күйттеп, шет елдерге жиі шапқылап жүрген Храпуновтың қаулымен шаруасы бола қойған жоқ.

 

      Сөйтіп, Алматының 150 жылдығы бүкілхалықтық тойға ұласпады. Алыс-жақын ел-жұртқа күлкі болудан аман қалдық!

      Иә, өз билігі өз қолына тимей, бөтен елдің құзырында күн кешкен, тағдыр-талайы қиын алматылықтарды кім басынбады?

      1986 жылы желтоқсанда да тура сондай күйді бастан өткердік. Азаттық таңын аңсаған бейкүнә студент жастарымыз Алматының бас алаңында қан-жоса болған. Әлі күнге есімізде. Мәңгілік жүрегімізде.

 

       Мәскеудің қолшоқпары Соломенцев деген біреу сол ұлтаралық оқиғаның шығуына Алматыдағы қазақтардың саны шамадан тыс көбейгені себеп болды деп соқты. “Когда я здесь работал секретарем ЦК, помню, тогда было казахского населения 8 процентов. А сейчас 16. В два раза увеличилось!..” деп дабылдатты. Оның ойынша қазақтар өз астанасына жоламай, қой бағып қана жүру керек екен. Әне, сондай басынушылықты да көзбен көріп, құлақпен естігенбіз.

       Ақиқатын айтсақ, ғасырлар бойы аңсаған Ұлы Тәуелсіздіктен кейін ғана қазақтарға Алматыға жол ашылды.

 

      Бүгінде бауырларымыздың қаладағы үлесі 60 пайыздан асты деседі деректер. Сондықтан, ел-жұртымыз азаттықтың бағасы қаншалықты қымбатқа түскенін жақсы біледі.

 

Қайым-Мұнар Табеев,   ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны