«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Жаны жалау азамат
Жаны жалау азамат
Дайындаған: 2 ай бұрын

     Ана тіліміздің бүгінгі көкейкесті мәселесі, болашақ тағдыры туралы толғанғанда, алдымен, ұлтымыз үшін өмірлік маңызы зор ұлағатты істің басы-қасында жаны шырылдап жүрген азаматтардың бірі – Астана қаласындағы «Тіл және Мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әнуарбек Ералы ойға оралады. «Ақырын жүріп, анық бас» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін дамыту жолында ауыздыға сөз, аттыға жол бермей жалындап, қызылкеңірдек айқайға салынып көрген емес, қайта ол өзімен ниеттес, тілектес, пікірлес қоғамдық бірлестік мүшелерімен, ғалымдармен, былайғы дос-жарандармен ой бөлісіп, алды-артын бағдарлап, ортақ мәмілеге келгенде ғана болашақ тындырар ісін асықпай, байыппен жүзеге асыратын орнықты жан. Олай деуіміздің басты себебі, міне оған да отыз жылдың қарасы болыпты, біз білетін Әнуарбек Ералы салмақты мінезінен бірде-бір ауытқып көрген емес.

     Болмысында көпсөзділікке ұрынбай, байсалды қалпынан айнымайтын Әнуарбектің өміріне елеулі өзгеріс әкелген оқиға – Целиноград-Павлодар облыстарының аумағынан Неміс автономиялық облысын құру туралы КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы, алжыған Л.И. Брежневтің Батыс Германия канцлеріне берген уәдесін орындап, жасырын қабылдаған Жарғысы болатын. Сол кезде «Целиноградауылмаш» зауытында жұмыс істейтін Ә. Ералы студенттер мен жұмысшы жастардың ұйымдастырған «Бейбіт манифестициясына» қатысып, ұланғайыр жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен, тарихы бұрмаланып, тілі ұмытылып, мәдениеті мен салт-дәстүрі жоғалуға жақын қалған Қазақстанның бөлінбейтініне, тұтастығына атсалысты. Сонда қала жастары Неміс автономиялық облысының орталығы – Ерейментау қаласы «Ассельборн» атанып, оның бірінші хатшылығына Целиноград облысын он екі жыл басқарған Андрей Георгиевич Браун тағайындалып қойғанын білмейтін де еді. «Қызыл империяның» идеологиясына төтеп бере алмай ұзақ жылдар бойы зәрезап күй кешкен ұлттық сананың серпілуіне, намыстың оянуына себепші болған осынау саяси оқиға Қараөткел өңіріндегі қазақ жастарының жандарын сергіткені ақиқат.

     Жылжып жылдар өтті. Пролетариаттың көсемі В.И. Лениннің ұлттар саясаты жөніндегі қағидасын табанға таптаған Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы өздерінің «орыстандыру» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырудан ауытқыған жоқ. Целиноград қаласында небары 18% жергілікті ұлт өкілдері тұрады. Олардың дені орыс мектебін бітіргендер, тілдері мүкіс, қазақы әдет-ғұрыптан мақұрым, «орыстану» дертіне шалдыққан «мәңгүрттер» еді. Алайда, олардың жан түкпірінде де шала бықсыған, әлі тұтанбаған ұлттық намыстың шоғы бар болатын. Бұған дәлел – Желтоқсанның жаңғырығы Целиноград қаласына жетісімен-ақ педагогикалық институттың студенті Асқар Сағынаев Алматыдағы замандастарына үн қосып, Орталық алаңға шығу үшін үгіт жүргізу үстінде ұсталды. Үш әріптің қырағы қызметкерлері алдымен оны Облыстық психологиялық ауруханаға салып, санасын дәрімен улады, бұл әрекетінен еш нәтиже шығара алмай жабық соттың үкімімен бас еркінен айырды. «Ұлылық дертіне шалдыққан» коммунистік қоғамның осындай келеңсіздіктерін көзі көріп, құлағы естіген Ә. Ералының жаны түршіккені айтпаса да түсінікті…                                .
     Дәл осы тұста және одан кейінгі кезеңде облыстық «Коммунизм нұры» газетіндегі бір топ жас журналистер тым қатты мазасызданған еді. Олар күн сайын редакция дәлізінің қалтарыстарында, бөлмелерде екі-үштен жиналып, Желтоқсан оқиғасын ой елегінен өткізді, Орталықтың Қазақстан тарапына ұстанған саясатын кеңінен талқылады. Ақырында, А. Смайылов, Ж. Жағыпаров, Ж. Сабыржанов, Т. Ілдебаев, А. Жұмабеков, О. Балмұратов, К. Жұмағұлов сынды журналистер ана тілімізді қорғау, оның қолданыс аясын кеңейту, мәдениетіміз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді жандандыру мақсатында қоғамдық ұйым құру жөнінде ұйғарым жасалды. Бұл ұсынысты Қанат Қалиев, Жеңіс Кәрібаев сынды ағаларымыз, Әнуарбек және басқа да көптеген жастарымыз қолдап, болашақ қоғамның негізі қалана бастады.
Әрине, олар алдарында небір кедергілер мен тосқауылдардың кездесетінін білген де, сезген де жоқ еді. Қоғамға «Тіл және мәдениет» деп айдар тағылды, төрағалығына жазушы-журналист Алдан Смайылов пен алқа мүшелері сайланды. Қоғамның Жарғысын жасауға да аз тер төгілген жоқ. Енді, уығы шаншылған, бірақ шаңырағы әлі көтерілмеген жас қоғамды ресми тіркеу керек. Облыстық партия комитетінің құқықтық-әділет бөліміндегілер мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салып, әуре-сарсаңның көкесін көрсетті. Облыстық партия және атқару комитетіндегі бірлі-жарым ағайындар: "Сендердің бұл әрекеттеріңнен ештеңе өнбейді, құр далбаса тірлік. Алматыдағы ойранның дауылы енді ғана басыла бастағанда, тағы да бірдеңені қоздырмақсыңдар ма?" – деп, алабөтен шошынды. Осындай арпалыспен 1987 жыл да тәмәм болды.

     Шынын айту керек, ресми тіркелмесе де «Тіл және мәдениет» қоғамының мүшелері өз жұмысын бір тоқтатқан емес. Алдымен, облыс орталығындағы орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу ісіне белсене кірісті. Қоғамның әрбір мүшесі қаладағы ағайын-туысқандар, дос-жарандар, қөрші-қолаңдар арасында үгіт насихат жұмыстарын кеңінен жүргізіп, нәтижесінде 1988 жылы № 3, № 8 және № 26 орта мектептерде бірінші қазақ сыныптары ашылды. Бұл – «Тіл және мәдениет» қоғамының алғашқы жеңісі болатын…
Ұзын сөздің қысқасы, небір ауыртпалықты бастан өткеріп, «Тіл және мәдениет» қоғамы 1989 жылдың 10 маусымында ресми тіркеліп, құрылды. Ұлтжанды қазақтардың аталмыш қоғамы жұмыстарын жандандыра түсті. Тек, 1989-90 оқу жылында 11 қазақ сыныптары ашылып, № 29 «Ақ қайың» балабақшасы таза қазақша тәрбие беруді бастады.

     Ақмола қазақтарының мына қадамдарын жіті бақылаған облыстық және партия комитетіндегі идеологтар дәл осы сәтте шошынарлық жағдайда еді. Бәлкім, партия қызметкерлерінің түрткісі болар, әлде, ұлттық сана-сезімдері бас көтерді ме, қайдам, Целиноград қаласында алдымен немістердің «Видергебурт», кәрістердің «Каре», украиндардың «Ватра», татарлардың «Таң», орыстырдың «Лад», және басқа да халықтардың ұлттық мәдени орталықтары жаңбырдан кейінгі қаптап өскен саңырауқұлақтай құрыла бастады. Әнуарбек Ералы бастаған ұлтжанды белсенділер де ай қарап жатқан жоқ болатын. Целиноград облысына қарасты барлық аудандар мен ірі-ірі шоғырланған Атбасар, Степногор қалаларында «Тіл және мәдениет» қоғамының филиалдары ұйымдасып, жаңа жұмыстың ұйытқысы бола білді. Қазақ жерін мекендеген өзге ұлттардың осындай серпілісі Алматыдағы зиялы қауымның «Қазақ тілі» қоғамын құруға еріктен тыс итермелегені рас. Ақырында, Елбасы халықтар достығының мызғымас бірлігін сақтау мақсатында 1995 жылы «Қазақстан халықтары Ассамблеясын» жария етті. Егемендік алып, еңсесі көтерілген Еліміздің қайта түлеп, жаңғыруы бастау алды. Қанатын кеңінен қаққан «Тіл және мәдениет» қоғамы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы Алматыда бас қосқанда аяғынан тік тұрып қызмет жасады. Осындайда Целиноградта болған бір оқиға әлі естен кетпейді. Қазіргі Астрахан трассасының бойындағы Н. Тілендиев даңғылымен қиылысатын Жамбыл көшесінде тұратын атаман Богоевский деген орыс-казагы үйінің төбесіне Ресейдің туын тігіп, төңірегінде тұратын Жамбыл, Алматы, Сарыбұлақ көшелеріндегі жергілікті қазақтарға ашықтан-ашық арандатушылық жасап, қыр көрсете бастаған-ды. Арада бір-екі сағат уақыт өткен болар, «Тіл және мәдениет» және жастардың «Парасат» қоғамдарының мүшелері мен көше тұрғындары сол үйдің жанынан табылып, қолма-қол митиниг ұйымдастырылды. Казак үйінің табалдырығынан сөз алған Қайыржан кемпір, қазақ үшін жаны шыңғырып жүрген Сабыр Оралов сынды азамат және басқалары жалынды-жалынды сөз сөйлеп, ақырында Ресей туын жерге лақтырып тынды. Қазақ қызын жазықсыз өлтірген сығандарды тезге салуда Әнуарбек Ералы басқарған белсенділер ұлттар достығы арасының ушығып кетпеуіне салиқалы саясат жүргізді.

     Ия, арада жылдар өтті. Егемен Ел атанған Мемлекетіміздің буыны қатып, қабырғасы қатайды. Ендігі сәтте – Целиноград қаласына көне атауы қайтарылып беру мәселесі күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. «Тіл және мәдениет» мүшелерінің ғалым Жанкелді Шымшықов, тілші Орынбай Балмұратов сынды бір топ жігіттер Алматыға аттанып, Үкімет Үйінің алдында «Ақмола аты қайтарылмай, Ақмолаға қайтпаймыз!» деген айдармен жатып алды. Ақмола қаласы мен Ақмола облысының атауы 1992 жылғы 6 шілде күні қайтарылды. Бірақ көп ұзамай Елордасы «Астана!» болып жаңғыратынын олар білген де жоқ еді…

     Ия, шамалы мерзім ішінде тоқыраудан тізерлей тұрып, еліміздің экономикасы өркендеді. әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Атом қаруынан құтылып, бейбіт, демократиялық, зайырлы мемлекет құру бағытын ұстанған Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Қоғам да, заман да өзгерді, соған сай бүгінде Әнуарбек Ералы басқарған Астана қаласы «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігі өзінің бағыт-бағдарын Елбасының ұстанған саясатына қарай ыңғайластырып, ұлттар достығының жасампаздығын паш етуде. Соңғы жылдары «Тіл халқымның жаны», Аударма тіл –мемлекеттік тіл емес», барлық ұлттық мәдениет орталықтарын дөңгелек үстел басына тоғыстырып, «Ел дидары ұлтының тілінде» деген сұхұбаттар өткізуі, міне, осының айғағы.
Жаны жалау азамат - Әнуарбек Ералы болса, бұл күнде Астанадағы мемлекеттік мекемелердің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу мәселесіне әдеттегідей ұлтжандылық болмысымен кірісіп кетті. Қарапайымдылығы парасаттылығына сай бұл азаматтың көздеген мұрат-мақсатына қол жеткізері сөзсіз. Дәйім, солай болғай!

 

Ескермес Иманбаев, журналист

Ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны