«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ғұмырбаяндық эссе
Ғұмырбаяндық эссе
Дайындаған: 4 ай бұрын

(жалғасы)

Сақаймайтын ауру...

«Халықты теңдікке жеткізеді» деген Кеңес өкіметінің пиғылы өзгерді. Кіл жалаңаяқ кедейлер «Батырақ» ұйымын құрып, «Бай-құлақ» деп өз ағайынын Итжеккенге айдататын заман туды. Қолында азын-аулақ малы бар азаматтар жаппай тұтқындала бастады. Бұл жайттар батырға оңай тиген жоқ.

Елдің аузындағы әңгімеге қарағанда, Мергенбай өз қолымен орнатқан өкіметі ел ішін бүлдіріп, бүліншілік жасап жатқасын бар күшін жазықсыз елді құтқаруға жұмылдырады.

Мәселен, Уәлібай деген ағайынына бір тәулік ішінде 6 центнер жүн салығы салынған. Уәлібай «бар қойымды сойып, етін өздерің алып, жүнін жұлып беріңдер» деп елге сауын айтады.  Бір тәулікте мұндай жүнді табу оңай шаруа емес. Мергенбай жұртты ұйымдастырып, көрпелерін сөгіп, айтылған бұйрықты уақытында орындатқызады. Артынша немере інісі Құлатайға он тонна ет өткізу үкімі шығарылады. Мергенбай тағы елдің көмегімен салықты кешіктірмей төлейді. Уәлібай мен Құлатайды қызыл әскер сапында жүрген Мергенбайдың құтқаруы «батырақтардың» билік орындарына арыз жаудыруына сеп болды.

Батырақтар «Мергенбай бай-құлақтың жақтаушысы болып кетті» деп жоғарғы жаққа арыз жаудырып жатқанда Мергенбай науқастанған қызын Нарынқолдағы дәрігерге апарып, өз отбасының қамымен жүрген еді.

Елдің пиғылын өз адамдары арқылы естіп: «Біздің ел сақаймайтын ауруға душар болыпты» деген әйгілі сөзін айтады.

«Қызым жазылса – батысқа көшемін, жазылмаса – шығысқа көшемін» деген нақыл сөзі де осы күндерде аузынан шығып, бүкіл елге тарайды.

«Аспан асты – қуыс. Жан күйіттеуден басқа қайран жоқ» деген тәмсілі де ел арасына тарап кетті.

Ұзақ батырдың ағайындары құда түскен қызы көз жұмған соң, Мергенбай тау-тасты паналап, елді Қытай асыруға қамдана бастайды. Осы тек қамданудың өзі 18 адамның шейіт кетуімен аяқталған.

Ел ішінде айтылатын әңгімелердің нобайы осындай...

«Мергенбай Жантай бандысының адамы»...

Енді Шалдиннің Мергенбайды қызметке қалай алғаны туралы айтқанына (орыс жазушысы Олег Мухиннің дерегіне сүйеніп) кезек берейік.

Мергенбай бастапқыда шекара әскерінің жылқысын қараушы болып орналасады. Шалдинге жергілікті билік өтініш жасап «Мергенбай бұрын бір байдың жылқысын баққан адам» деп комотрядқа қызметке тұруын сұрайды. Шалдин жергілікті биліктің айтқанына көніп, Мергенбайдың қолына қару беріп, комотрядқа алады. Батыр шекарашы қызметін өте жақсы атқарады.

Осы тұста ОГПУ тыңшылары Мергенбайды қырғыз батыры (бандысы) Жантай Омановтың (Жантай Омановтың қызы Мергенбай батырдың әйелі болған) тыңшысы екенін, қызыл әскердің барлық жоспарын алдын-ала бандыларға хабарлап келгенін анықтайды. Жантай Омановтың әскері Нарынқолдағы заставаға басып кіргенде, Мергенбай күзетшінің көзін жойып, бандылардың әскери бекетті басып алуына жағдай жасамақ болған-мыс.

ОГПУ-дың жендеттері тұтқындауға шыққанын біліп, Мергенбай тауға жасырынады.

Шалдин қатаң сөгіс алып, бұрынғы еңбегі ескеріліп, қызметінде қалдырылады.

Жантай Оманов «бандысы» бірнеше топтан құралған еді. Олар бір уақытта бірнеше жерде шабуылға шыға алатын. Мергенбай шекара заставаларындағы ішкі жағдайды, күзеттің қай мезгілде ауысып, әскер қай уақытта демалатынын жақсы білетін. Сондықтан да, қызылдарға Мергенбай тобы ең қауіпті жау болды. Осылайша, бұрын «керемет із кесуші», «комотрядтың таңдаулы жолбасшысы», «кеңес қызыл әскерлерінің сенімді серігі» деп дәріптелген Мергенбай бір-ақ күнде «банды» атанып шыға келді.

Мухиннің кітабындағы жайт бізге біраз тың деректің бетін ашты. Бірақ, сол заманның ыңғайына қарай біржақты жазылған жайдың рас-өтірігін анықтау біздің міндет емес. Десе де, осы жерде Көдек ақынның Мергенбайға арнаған дауысында (жоқтауында):

«Қырғызда Жақсылық пен Жантай батыр,

Солардың қызы еді бір қатының-ай!» делінетінін оқырман есіне сала кеткіміз келеді.

Шитім оқиғасы

1929 жылы Мергенбай батыр Үлкен Қақпақ шатқалындағы қазір Шитім сай аталатын тауға бекініп, бүкіл елді Қытай асырмаққа дайындалып жатты. Бір күні Мергенбайдың Қырғыз жеріне сауда жасауға жіберген адамдары келіп, әкелген заттарды көруге бүкіл туыс бір киіз үйге жиналады. Сыртағы қарауылдары да орындарын тастап, үйге кіреді.

Осындай оңтайлы сәтті күтіп жүрген орыс әскері тұтқиылдан шабуыл жасап, киіз үйдің сыртынан оқ жаудырады. Мергенбай батыр алдымен керегені көтеріп жіберіп, томаршаны қояды да, іштегі адамдардың шығуына көмектесетеді. Сосын өзі дереу қарағайды паналап, әскерге тойтарыс беріп, атқылай бастайды (Кейбір деректер бұл қырғын кезінде Мергенбайдың басқа жақта болғанын айтады).Мергенбайдың өзі де бар екенін білген қызылдың солдаттары шегініп кетеді.

Шитім оқиғасында 18 адам көз жұмды. Оның жетеуі – шиіттей күнәсіз сәбилер болатын. Қаза болғандардың ішінде Мергенбайдың әкесі Жаманкөз (Ел Жаманкөзді қасиетті кісі болған деседі. Ол егер малға, яки адамға тура қараса, тіл тартпай кетеді-міс. Сондықтан да азан шақырып қойған Жанболат аты ұмытылып, Жаманкөз аталып кетіпті) де бар еді.

Сонымен бірге Шитім деген ана қызымен бірге оққа ұшқан. Шитім ана қызын көтеріп, киіз үйден аман шығады да, қашып таудың аңғарына жетеді. Қызыл әскер қуып барып, сәбиін көтере қашқан ананы (қызымен бірге) атып өлтіреді. Екі күн бойы қансырап жатып, көз жұмған ананың ажалынан кейін ол жер «Шитім сайы» аталып кеткен.

Осы қырғында Мергенбай батыр әкесі Жаманкөз бен туысы Шитім анадан бөлек туған бауыры Несіпбек, ағасы Базарбайдың ұлы Рамазан секілді ет жақындарынан айырылды.

«Мұсылман баласына оқ шығарған жоқпын!»

Ел арасында Мергенбай батырдың қандай жағдай болмасын қазақ баласына мылтық кеземегені аңыз болып айтылады. Өзі де серіктеріне «Мұсылман баласына оқ шығарған жоқпын» деп өсиет айтып отырады екен. Оған бір дәлел келтірсек...

Белгілі публицист Мәкен Әлиасқарұлының «Замана зардабы» атты кітабы бар. Сол кітапта Шитім оқиғасынан кейінгі жайлар баяндалады.

Жұрт «Шитімдегі жасырынған жұртты қызыл әскерге хабарлады» деп Әбілқасым Ақымжановтан (Әбілқасымның жауларының таратқан қауесеті. Ақымжанов Партияның бұйрығымен шекара аспақ болған елді райынан қайтару мақсатында үгіт жүргізген. Кейіннен «Халық жауы» деп айыпталып, Сібірге жер аударылған. Мергенбай бастаған көштерді Қытайға өткізіп жіберуге астыртын көмек берген тұлға) өш алмақ үшін Ашылы Қақпаққа аттанады.

Мұны ести сала Мергенбай «Олар түс ауа жеткенше, Әбілқасымды өзім-ақ жайлап қоямын. Жаман лақтың қанына қаншаң қол былғамақшысыңдар» дейді де атқа мінеді.

Мергенбай елден бұрын келіп: «Жаман бала, сені ажалға қимаймын» деп Әбілқасымды қарағайға шығарып жіберіп, өзі қорғап қалады.

Осы жайттан-ақ Мергенбайдың кінәлі болсын, кінәлі болмасын өз қанына оқ шығармағанын аңғарамыз.

Бұған дәлел ретінде 1984 жылы «Қазақфильм» түсірген «Ақырғы аманат» фильміндегі Ораз мергеннің (Ел сол кинодағы Ораз мергеннің прототипі Мергенбай екенін айтады) қызыл әскердегі қазақ жігіті мен бір орысты тірі қалдыратын сюжетінен де байқауға болады. Сол кинодағы отрядтың бастығы рөлін сомдаған қазақ жігіті бір диологында Ораз мергеннің қолына түскенін, оны да босатып жібергенін айтады.

Мұның бәрі тегін емес болса керек.

«Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады»...

Мергенбай Жаманкөзұлы Шитім оқиғасынан кейін елді түп қопара Қытай асыруға біржола бекінеді. Шекара күзеткен қызылдардың әскеріне тойтарыс беріп, аз уақытта әрқайсысында 250-300 отбасы бар бірнеше көшті аман-есен Қытай жеріне ерулеп үлгереді.

Қытайдың шекарасын күзеткен қалмақ-сібе әскерлерімен бейбіт келісімге келіп, мылтықтың аузын жалап, серттеседі. Бастапқыда қалмақтар көшті жасқап, аспанға ғана оқ жаудырып, елді шекарадан өткізбеуге бар күшін салып жатқандай сыңай танытатын. Көшті бастаған Мергенбай жасағы да оқты аямай аспанға атып, қызылдардың көзін алдайтын.

Кейіннен қалмақтар көшті тонауға құнығып, сертті бұзды.

Қытайға қашқан ел «Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады» (Көдек ақынның өлеңінде де «Орыстың тасқа, Мергенбайдың басқа ататыны» жазылған) деп ауыздан-ауызға аңыз таратып, Мергенбайдың тұлғасын асқақтатып, қызылдардың қауқарсыздығын әйгілеп жатты.

Тарихшы Досым Зікірия атасынан естіген Шоғансайда болған бір шайқас туралы былай дейді. «Артымыздан қызылдың әскері түсті. Алайда, біздің көште әкелі-балалы екі мерген болып еді. Атқан оқтары құр кетпейтін, көздегенін қағып түсіретін асқан өнерлі екен. Кезеңге бекініп тұрып екеуі мылтықтарын бір-бірден босатқанда артымызға түскен әскердің бірталайы жер құшты. Содан қайтып олар бізге беттей алмады. Ал, Қытай жеріне өткенде көшті талауға келген сібелердің де біразын жусатып салып, елді аман алып қалды»...

Бұл әкелі-балалы мергендер Мергенбайдың сарбаздары екені анық.

 

Мергенбайдың бауырларын өртеу һәм елді күштеп көшіру оқиғасы

Шитім оқиғасынан соң, Меренбайға шегінер жол қалмады. Ол бүкіл халықты түп қотара Қытайға асырып кету мақсатымен қазақ жігіттерінен жасақ құрды. Өз бауырлары Базарбай, Базарқұл, Тойғұлылар мергендігімен шайқастарда көзге түсіп, қызыл әскердің бетін қайтарар әскербасыларға айналып шыға келді.

Қызылдар қазақ батырларын соғысып жеңе алмасын білген соң, оларды астыртын жою әрекетімен әлектене бастайды.

Елді көшіру үшін Мергенбайдың екі ағасы Базарбай мен Базарқұл бастаған батырлар Төте асуында отырған елге келіп, бір үйде тынығып ұйықтап жатқанда аңдып жүрген қызыл әскер үйдің сыртынан от қойып, батырдың екі ағасын өртеп жібереді.

Шитімдегі қырғын мен бауырларының шейіт кетуі батырға ауыр тиді. Ол осы қайғылы жағдайлардан соң, кейбір көнбеген елді күшпен көшіріп әкетуге мәжбүр болды. Өйткені, малы кәмпескеге түскен елді аштық жайлайтынын, қазақтың тұяқ серпуге шамасы келмей қырылып қаларын батыр жақсы білді. Сондықтан да, Мергенбай кез-келген қазақ ауылына барып, халықты «батырақ, байсың» деп бөлмей, «Қытайға көшесің» деп талап қоя бастады.

Ол күндері Мергенбайдың жасақтары Қытайға асатын басты асуларды уысында ұстап тұрды. Хан-Тәңірдің баурайындағы жолдарды былай қойып, бүкіл Жаркент өңірінің қызыл әскері Мергенбайдың аты естілсе, заставаға тығылатын еді.

Мергенбайдың жасағы көшке маңайлаған қызыл әскердің баскиімін (папаха) атып түсіреді екен. Бұл – оларға жасалатын ескерту.

Жасақтан бөлек, Мергенбайдың өзіне ғана тән қызылдарды кері қайтарып жіберетін тәсілі болған. Ол тәсілдің атауы – жұлқа ату. Мергенбай көз ілеспес жылдамдықпен қолын жұлқып жіберіп, мылтығының шүріппесін басып қалғанда әскердің иығына асқан қаруын жұлып түсіреді-міс.  Қызыл әскердің денесіне оқ дарытпай, асынған мылтығының бауын (ремень) үзіп жібергеннен кейін шекарашылардың тұла бойын үрей билеп, көшке беттей алмай қалатын болған. Бұл орысты ашуландырмай, қорқытудың тәсілі еді.

Жергілікті әскерден қайран болмаған соң, Алматыдан және басқа өңірлерден «бандыларды» жою үшін қызыл әскер отрядтары үздіксіз жіберіле бастайды. Мәселен, 1928-1930 жылдары Шелек ауданының ОГПУ-ін басқарған майор Вихреев отрядымен келіп, Мергенбай жасақтарымен соғысқан. Сол шайқаста майор қаза табады.

Қош! Халықты күшпен көшіру оқиғасына қайта оралайық. Бұл жайт былай өрбіген. Алдымен халыққа «көшесің» деген Мергенбайдың хабары келеді. Оған көнбесе, өкіметтен қалған азын-аулақ малын айдап әкетіп отырған. «Малың Қытайда, өзің келіп, ие бол» дейді екен елге. Малдың артынан көшіп бармаған жұрттың ержетіп қалған бір баласын аманатқа алып, аманаттағы бала Мергенбай жасағына сарбаз ретінде қосылады. Бұл тұста Мергенбайдың «Малың үшін көшпесең, балаң үшін көшесің» дейтін ұранды сөзі елге тарап жатты.

Жұрт малы мен баласы үшін «батырақ» болса да Қытай асты.

Мергенбай батыр халықты бай-кедей деп екіге жарған кеңестік идеологияның қызыл ұранын осылай тас-талқан етті. Кейбір аңыздарда Мергенбайдың 1916 жылдардағы жолмен қазақты орыстан мүлдем алысқа, яғни Қашқарға әкетуді де ойлағаны айтылады. Бірақ, баяғы ақ нанды қойнына тығатын қандастарды ойлап, «Қазақ Қашқарға барса, мүлдем сарт болып кетер» деп қорыққан екен деседі.

(Жалғасы бар)

Автордың бүркеншік есімі:    Бандының баласы

10 қаңтар, 2019 жыл

 

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер