«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ақты қаралаған . . қылмыскерлер емес пе?!
Ақты қаралаған . . қылмыскерлер емес пе?!
Дайындаған: 1 ай бұрын

       Қазақ десе қаны қызатын қарымды қаламгеріміз Мұхтар Мағауиннің «Қазақсыз Қазақстан» деген мақаласы осыдан алты-жеті жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде жарық көрді. Сонда патшалы Ресейге де, кеңестік жүйеге де, тіпті бүгінгі қазақ билігіне де қазақ даласының қазақсыз қалғаны керек деген ауыр ойды өрбітті. Айта отырса, бәрі ақиқат. Кеше орыс шовинистері билеген Орталықтан көрсек, енді бүгін өз қазағымыздан өзіміз теперіш көріп отырмыз. Тәуелсіздік қалың қазаққа шырақ болып жарқырамады. Байлық биліктің төңірегіндегі үркердей топтың еншісі болып, азапты өмір адал да қарапайым еңбекқор, төзімі темірден жаралған қара халықтың иелігінде қалды.
Біз баяғы төңкеріске дейінгі қазақтың азабын, орыстардан көрген қорлығын дәл қазір тізбей-ақ қояйық. Кеңестік саясат Алаш арыстарының бәріне ажал құштырды. Қазақстаннан жиырма бес мыңнан астам адам қуғын-сүргін құрбанына айналды. Одан беріде де сол сүргін тоқтаған жоқ. Бетке шығар қаймақтарымызды шетінен қармап ажал құштырды, түрменің тозағына айдады. Сол аласапыран 2005 жылы Заманбек Нұрқаділовты жалмаса, 2006 жылы Алтынбекті серіктерімен Алатаудың бөктерінде аттырды. Аттырған да, атқандар да белгілі. Бірақ ақиқат әлі ашылған жоқ. Оның алдындағы 86-ның сүргінін алайықшы, одан бергі Жаңаөзен қырғыны. Міне осының бәрінде қиянат көрген біздің қазағымыз...                                      .
       Алаш арыстары ақталды, қуғын-сүргін көрген жиырма бес мыңнан астам кісілердің бәрі дерлік олар да ақталды. Желтоқсанда жазаланған жүз қаһарманның бәрі де ақталды. Ал бірақ соларды соттағандар, ажал құштырғандар, тергеп-тексергендер, өтірік жала жапқандар сүттен ақ, судан таза болып қала берді. Мен осыны «Қуғын-сүргін, сүргін-сүргін... немесе қазаққа қарсы қасірет қашан тоқтар екен?» деп мақала жаздым. Өткен жылы сол мақаламды «Жас Алашқа» бердім, ол баспаған соң «ДАТ» газетіне бердім. «ДАТ» баспаған соң осыдан бір ай шамасы бұрын «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан», «Жас қазақ», «Қазақстан дәуірі» газеттеріне бір-ақ жібердім. Солардың ішінен «Қазақстан дәуірі» газеті ғана батылы жетіп жариялады. Осы газеттің басшылығында отырған Сәуле Мешітбайқызы мен Ертай Айғалиұлына мың рахмет! Материалымның тақырыбын өзгертіп, шағын бөлімдерге бөліп, ешқандай өзгеріссіз жариялады. Жай жариялап қана қоймай, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына аздаған түйіндемемен жіберді.
      Адамды нақақтан-нақақ жазалап, аттырған да, тергеген де, соттаған да, жала жапқандар да жазалануы керек! Өйткені олар – қылмыскерлер!
Біздің сотымызда, прокурор, полицейлеріміз де биліктің бұйрығын орындайды. Олардың қызмет аясы Конституциямен, осының негізінде жасалған заңдармен шектелу керек. Сонда ғана қоғамда әділдік орнайды, әйтпесе халық қуғын-сүргіннің құрбаны бола береді деген ойды арқау еткен үлкен мақаламның соңғы бөлігін осы әңгіменің аясында ұсынғанды жөн көрдім.

Қуғын Сүргін, СүргінСүргін...
немесе халыққа қарсы жасалған
бұл қасірет қашанға дейін созылар екен?

       1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі біздің осы айтқан ойымызға бұлтартпас дәлел. Пейілі өз даласындай кең, мейірімі шексіз, кісілігі кемел, қилы замандарда қиналып келген қандай халыққа да жүрегін айқара ашып, жақсылық жасаған қасиетті қазаққа КПСС Орталық Комитетінің ұлтшылдық туралы Қаулысы шықты. Ұлтымызды қорлап, сау адамның санасына сыймайтын «махровый национализм» деген ауыр айыпты жапсырды. Сол уақытта Горбачевтің жариялылық, демократия дейтін демогогиялық ұрандарына алғаусыз иланып, алаңда ұсталған қазақ жастарын апарып қамайтын орын қалмады. Қазақстанды қазақ басшы билесін деген ойлары үшін ғана қызметтен қуылып, оқудан шығарылып, партия, комсомолдан аластатылып, адами құқығы аяусыз тапталған, жазықсыз жазаланғандардың нақты саны қанша екенін қазірге дейін ешкім де дәл айта алмайды. Бар сүйенеріміз Мұхтар Шаханов ағамыз жанкештілікке барып, ерлікке бергісіз тайсалмас табандылықпен құрғызған Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі Комиссия деректері. Біздіңше, бұл бергі жағы ғана. Өз қызметін, бала-шаға, басқаларының жағдайын қаперде ұстап, тұншығып, іштен тынып жүргендер қаншама!

      Арада отыз үш жыл уақыт өтсе де, бастағы қасіретін әлі де ашылып айтатын кезіміз келген жоқ дейді. Өйткені, билік мызғымай тұр. Сондықтан да Желтоқсан көтерілісі – жабық тақырып. Толық ашылып, мемлекеттік тұрғыда саяси бағасы берілмеуінің себеп-сыры түсінікті десек те, көпе-көрнеу қиянат көрген, ар-намысына нұқсан келген халық ретінде үнсіз қалуға, түк болмағандай әрекетсіз жүруге қақымыз бар ма өзі?! Қасірет қайталанбауы, бұл биліктің дағдылы әдетіне айналмауы үшін айтуымыз, жазуымыз керек қой! Жазықсыз жазалағандардың да, жазаланғандардың да аты-жөндері, ұрпақ зердесінде сақталып, мәңгілік сабақ болуы үшін қажет деп, көтерілістен кейін себепсіз сотталған 100 желтоқсаншы қыз-жігіттерді ойға алайықшы.                                 .
       Қараңыздаршы, артық-кемсіз сол 100 адамның арасынан ең ауыр жаза алғандар: Қайрат Рысқұлбеков – атылуға, Түгелбай Тәшенов пен Жамбыл Тайжұмаев – 15 жылға, Қайыргелді Күзембаев 14 жылға сотталды. Кейін өлім жазасына кесілген Қайрат ақталып қана қоймай, еліміздегі ең жоғарғы Халық Қаһарманы атағына алғашқылардың қатарында ие болды. Алған жазаларында қылмыстық іс жоқтығына байланысты ақталмаған бірде-бірі қалмады. Дұрыс қой, дәл солай болу керек еді, болды!                                               .
        Енді осыған орай адами пайым безбеніне салсақ, оларды нақақтан-нақақ жазалап, тағдырларын талқандайтын сот шешімін шығарған соттар да, оларды айыптап, ауыр жазалар сұраған прокурорлар да, сот шешімін құптаған халық заседательдері де, сонымен бірге тергеушілер де қоғам болып айыптайтын үлкен әңгіменің арқауына айналуы керек еді. Өйткені, олар – ақты қаралаған қылмыскерлер емес пе?! Ақиқаты солай ғой! Енді солардың өзі сұрақ-жауапқа алынып, қыз-жігіттерді не үшін, қандай қылмыстары үшін соттағандарына жауап беруі тиіс еді. Алайда ол жағы тіпті ескерілмей, елеусіз қалды.

       Әйтеуір әлгі соттағыштардың арасынан ырымға біреуі шығыпты. Ол – Республика прокуро¬ры, Мәжіліс төрағасы болған Жармахан Айтбайұлы Тұяқбай. Жәкең азамат екен! ҚазМУ-дың физика факультетінің бірінші курс студенті Құрманғазы Әбденұлы Рахметовты 7 жылға соттауға шешім шығарған ағаттық ісі үшін, ақталып шыққан соң жолығып, кешірім сұрапты. Ал қалғандары үн-түнсіз. Бәлкім, біразы бақилық болған шығар. Бәрібір ешқайсысын ескерусіз, жауапсыз, жазасыз қалдырмауымыз керек. Әрине, тірілерін өздеріне ұқсап түрме торына тоғыта алмаспыз. Бірақ сондай сойқан іс-әрекеттері үшін баласы, баласының бала-шағасы атын айтуға арналып, намыстанатындай шара жасауға әбден болатын еді.                           .
       – Польшада да кеңестік саясаттың салдарынан осындай қуғын-сүргін, негізсіз жазалау орын алған. Солар жазықсыз құрбан болғандардың аты-жөндерін түгендеп, оларды соттап, жазалағандардың да ешқайсысын қалдырмай кітап шығарғанын әлеуметтік желіден оқыдым, – дейді ақын, желтоқсан зерттеуші журналист Болат Шарахымбай.

       Онда Қазақстанда қудалау көріп, нақақтан көз жұмған поляктар жөнінде де қамтылған. Бірақ бұл деректер толық емес деп жазыпты.                                           .

        Ендеше бізге де неге осы үлгіні нұсқа етпеске? Солай жасасақ, Қазақстанды бөліп алу үшін ұлтшыл топ құрмаған Алаш арыстарын да, жапонның да, германның да шпионы болмаған, жалған өтірік-жаламен «халық жауы» атанған аталарымыз бен апаларымыздың аты-жөндерін ұлықтар едік те, солардың істемеген істерін ойдан шығарып, қолдан қылмыскер қылып өлім жазасына кескен, жаппай соттап, жер айдатқан тергеуші, сот, прокурорлардың кім екендіктерін ұл-қыз, ұландарының назарына ұсынар едік. Неге десеңіз, бәрін жаппай жазалы еткен, Алланың бір-ақ рет берілетін еркін өмір сүру құқығынан айырған нағыз «халық жаулары», қылмыскерлер солар ғой! Ал қылмыскер қай жүйеде де жасаған қылмыс дәрежесіне қарай әшкереленіп, жазаланса, сол – әділдік! Бұл заңдылық жазалау органы адамдарын да айналып өтпеуге тиіс. Солай етсек, бүгінгідей өздерінің Атазаңдағы құқығы тапталып, 5-10 күнге қамалып, сотталып жатқан оқиғалар өз-өзінен тежелер еді.

      Қазағын, халқын, елін, жерін қаншалықты сүйсе, соншалықты жазалы болған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Бақаев, Алмат Жұмағұлов және біреу білсе, біреу білмейтін, тура 55 жасында 15 жылға сотталып, 70-ке келіп кейуана болғанда бір-ақ шығатын Роза Бұқарбаева сияқты Желтоқсан қаһарманы абақтының арғы жағында азап шегіп отырмас еді...                   .
      Иә, аяулы оқырман, ананы да, мынаны да қозғап келгендегі айтар түйінді ойымыз: сотқа тәуелсіздік керек! Билікке бағынбай, заңға ғана сүйенетін, шын мәніндегі тәуелсіздігі болмай – тергеушілер де, сот, прокурорлар да биліктің бишігін үйіру қызметін әрмен қарай жалғастыра береді. Қазақ жерінің тұтастығы мен қасиетті тіліміздің мәртебесі үшін деп, адамша еңбек етіп, өмір сүру еркіміз сақталсын деп, мемлекеттің дүние-байлығын тонау тоқтатылсын деп үн шығарғандардың бәрі қамалады, қудаланады, қасірет шегеді. Кешегі кеңестік биліктің билік жүргізу әдісінен арылмай, одан да күшейтіп жіберген авторитарлық басқару жүйесі міз бақпай тұрғанда қуғын-сүргін тіпті тоқтамай, сүргін – сүргінге ұласады.

      Қызылағаштағыдай қылмыскер қытайларды қорғаштап, ұлтын сүйетін намысшыл қазақтарды соттап азаптайды... Жаңаөзен қырғыны секілді қасірет қайталана береді.

     Бұны Айтбайұлының айта салған сөзі деп әсте ойламаңыз, бүгінгі жүйе өстіп тұра берсе, дәл осылай жалғаса беретін айдай ақиқат – осы!

 

Талғат Айтбайұлы,   ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер