«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Әбішев ісі. Адвокат не . дейді?
Әбішев ісі. Адвокат не . дейді?
Дайындаған: 4 апта бұрын

 Сәуле Әбединова

Таяуда Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті. Жалпы, біздің білетініміз, Абзал Құспан заңгер ретінде ұлттық мәселелермен көп айналысады. Оралмандар ісінде де көзге түсті. Ал енді Ислам Әбішев кім? Абзал Құспан неге ол кісінің қорғаушысы  болды? Бұның ар жағында қандай да бір ұлттық мүдде, ұлттық мәселе бар деп айтуға бола ма? Әлде Абзал Құспанның адвокат ретінде гонорар үшін, жақсы қаламақы үшін алған жұмысы ма? Жалпы, ҚР Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің тұтқындалуына не себеп болды? Оның үстінен кімдер арыз жазған? Қандай арыз жазылған? Шынымен жала арыз ба, әлде ол кісінің жемқор екендігін көрсететін қандай да бір дәлелдер (фактілер) бар ма? Ислам Әбішев ісі 27 том екен. Ислам Әбішевке қатысты іс туралы адвокат не дейді? Бар мәселені Абзал Құспан мырзаның өз аузынан естиік... 

 

– Абзал мырза, Ислам Әбішевке қатысты осы сұрақтарға жауап берсеңіз. Ислам Әбішев шенеунік екенін білеміз. Талай үлкен қызметтерде жұмыс істегенін білеміз... Өзіңіз заңгер ретінде, адвокат ретінде Ислам Әбішевтің портретін қалай сипаттайсыз?

– Мен Ислам Әбішев қызметінің соңғы периодын айтайын. Бұл – су ресурстары комитетінің басшысы қызметіне келгеннен бері істеген жұмысы. Жаңа сөздің басында айтып қалдың, «бұл істе ұлттық мүдде бар ма, әлде гонорар үшін істеп жүрген жұмысың ба?» деп. Әрине, менің негізгі жұмысымның саласы, заңгер ретінде, адвокат ретінде менің маманданған салам – экономикалық сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерге маманданған адвокатпын. Мен министрлік қызметкерлерін де қорғадым, облыс әкімі деңгейіндегі адамдарды да қорғадым. Бірақ олардың бәрінде ұлттық мүдде болғандықтан қорғадым деп айта алмаймын. Биыл қыста мен қорғаған қылмыстық істердің барлығы ақталды... Бірақ, әдетте, олардың бәрін елге жариялап, қоғамдық резонанс тудырмаймын. Өйткені кәсіби жұмысым болғасын, басқа нәрсемен араластырмаймын. Ал Ислам Әбішевке келетін болсақ, әрине, тегін жұмыс істеп жатқан жоқпын. Адвокат ретінде тегін жұмыс істеуге тиісті де емеспін. Мұғалім де, дәрігер де жалақыға жұмыс істейді. Сондықтан ондай талап жоқ. Бірақ, бұл жерде ұлттық мүдде сөзсіз бар. Оны түсіндіріп айта кетейін: Су ресурстары комитеті басшысы ретінде Ислам Әбішевтің істеген екі жұмысының өзі, мен үшін ол кісіні «ұлттың батыры» деп өзім үшін есептеуге толық негіз бар. Біріншісі – 2012 жылдары осы қызметке тағайындалғанда 300 миллиард теңге үнемдеген. Және сол адал жұмысы үшін қызметтен қуылған. Кімнің тарапынан қуылғаны жайлы сотта болашақта айтылатын болады. Әзірге ертерек. Кейін 2013 жылы сол кездегі президент Н.Ә.Назарбаевтың араласуымен қайтадан осы Су ресурстары комитетіндегі қызметіне келіп, келгеннен кейін тағы да жағаласып жүріп артық кетіп бара жатқан 1 триллион теңгені бюджетке қайтарған адам. Мен талай шенеуніктермен жұмыстас, істес болып жүрген, талай адамдарға ақыл-кеңесімді беріп жүрген адвокатпын. Бірақ мен Ислам Әбішев сияқты шенеунік көрген жоқпын. Осы кезге дейін көп халық бюджеттің ақшасы дегенді шенеуніктің ақшасы деп түсінеді. Ол тура мағынасында бүкіл халықтың, яғни сіз бен біздің ақшамыз. Барлық дамыған елде бүкіл халық солай түсінеді, солай қабылдайды. Біздің Қазақстан сияқты сыбайлас жемқорлық жүйесі тамыры әбден тереңге кеткен едерде ғана бюджетке «біздің ақшамыз» деп қарамайды. Мысалы, шетелдік киноларды қарап отырсаңыздар, полицияның өзіне: «Сен, менің салығыма өмір сүріп жатырсың» деп зекіп ұрсып жатады ғой. Біз өйтіп полицияға айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Мүмкін де емес. Түсінікті болсын деп айтып жатқаным ғой.

1 триллион дегенді түсінікті болу үшін айта кетейін: мысалы, Астана су қоймасына реконструкцияға бөлінген 31 миллиард теңгенің 2 миллиардын ғана қалдырып, 29 миллиардын кесіп тастаған адам. Бір жыл бойы, яғни «жобалау-сметалық құжат» дейді, проекті бойынша документация жасалды, тендер ойналды, келісімшарт жасалды, кәсіпкер 31 миллиардқа қол қойып, жұмыс жасап жатқан жерінен келіп оған айтады: «Әй, айналайын, ұят деген болу керек қой, мынау не сұмдық?» деп. Қаншама экспертизадан өткен материалды айналдырған екі-үш жұманың ішінде артық кеткендігін есептеп-есептеп, 31 миллиардтан 2 миллиардқа түсіріп тастаған. Міне, осылай жұмыс істеген. Бір триллион дегенде бәрін бірден үнемдеп, бір құжатқа ғана қол қойып тастаған жоқ қой. Қазақстан бойынша әрбір объект, су саласы бойынша бөлінген жобалардың әрқайсысын түгел зерттеп, әр жобадан миллиондап, миллардтап қысқарту арқылы қол жеткізген нәрсе. Ол суммалардың артында үлкен-үлкен шенеуніктер тұрды. Үлкен адамдардың тобы тұрды. Мысалы, ол бір ғана Астана су қоймасының бастығының істеп отырған шаруасы емес... Өте үлкен суммалар ғой...

–  Мемлекет ақшасын қалтаға басудың тәсілі дейсіз...

–  Иә. Сол кездегі триллион, қазіргі екі триллион. Мысалға, қателеспесем, биылғы 2019 жылдың бюджеті – 6,5 триллион теңге шамасында. Сонда соның үштен бір бөлігін тек қана Әбішев үнемдеп отыр. Былайша айтқанда, бүкіл республика бюджетінің үштен бір бөлігін үнемдеп отыр деген сөз. Осы екі ісі үшін Әбішевті бүкіл шенеуніктерден жоғары қоямын. Яғни, біздің шенеуніктердің арасында да ұлтжанды, елжанды, «халыққа болсын, елге болсын, Қазақстанға болсын» дейтін азаматтардың бар екендігін айтқым келіп отыр. Әбішев солардың бірі. Тағы бір айтқым келгені, назар аударғым келіп отырған бір мәселе – «ол соншалықты ұлттық батыр ма еді?» деп әлеуметтік желілерде жазып жатқан пікірлерді айтып жатырсыздар. Ислам Әбішев – мен үшін ұлттық батыр. Біз ұлттық батырдың образын жоғалтып алғанбыз әлдеқашан. Ұлттық батыр десек біз әлі күнге дейін орта ғасырдағы басына дулыға киген, үстіне сауыт-сайман киген, қолына найза ұстаған Исатай-Махамбет образын іздеп жүрміз. Менің ұғымымда, батыр деген – елге, халыққа кім жақсылық жасады, сол үшін қандай зардап шекті, сол адамдар батыр. Мысалы, жер митингісі болмаса, біз кешегі Макс Боқаевтарды танымайтын едік. Өзім оны бұрыннан танимын. Бірақ, жер митингісі болмаса Қазақстан халқы танымайтын, білмейтін еді. Жер митингісі кезінде өзін көрсетті, танытты. Одан кейін түрмеге жатып та, қайыспай, беріспей, биліктің алдағанына көнбей, тіпті биліктің жалынып, мерзімінен бұрын шығарамыз дегеніне көнбей жатқаны оның шын мәнінде батыр кейпін аша түседі. Дәл сол сияқты, Әбішев мен үшін «жаңалық» болды, былайша айтқанда. Ислам Әбішев мен үшін батыр деуге лайық, ұлт үшін қылған еңбегі бар азамат. Және тағы бір нәрсені айта кету керек, біз батырдың образын іздегенде идеал адам іздейміз. Оның жеке басында, отбасында мін болмау керек, ол сөзден сүрінбеу керек, бүкіл ісінен мін табылмау керек деп. Жоқ! Батыр да – пенде. Ол да сүрінеді. Қателіктерге ұрынуы мүмкін. Бірақ, ең маңыздысы – үлкен істерде өз мінезін, ісін көрсетеді. Ислам Әбішевтің де басшы, шенеунік ретінде біз білмейтін бір басына жететін міні бар шығар, біреуге айқайлап ұрысқан шығар, біреуге дөрекі сөйлеген шығар, біреуді заңсыз жұмыстан шығарған шығар. Мүмкін басқа бір жерде ақша жеген болар. Бірақ дәл мына жағдайға қалдырған екі ісі оның анау-мынау кемшіліктерін жуып-шайып кетеді деп есептеймін өз басым.

– Үстінен кім арыз жазған?

– Ислам Әбішевтің үстінен арыз жазған – Азамат Шаймерденов деген адам. Мен оны ашық түрде алдында пресс-конференцияда да, кешегі өткен сот отырысында да айттым. Мен оны кәсіби «сексот» деп есептеймін. «Секретный сотрудник». Себебі, ол бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген. Және оның ешқандай құқығы бұзылмаса да, ешкім одан ақша, пара сұрамаса да, «Нацбюродан» ақша алып, айдаладағы біреу үшін ақша беріп жүрген адам. Біреу үшін дегенде – «Қазбайлық» деген мекемеден пара алғысы келді» деп айыпталып отыр. Бұл жерде түсінікті болу үшін айта кетейін, Ислам Әбішев пара алып жатып ұсталып қалған адам емес. Тағылып отырған айып – «пара алуға оқталу». Яғни, «пара алғысы келді» деген айып. Үш айдың ішінде жедел іздестіру шаралары жүреді, ақшаны ана жақтан да, мына жақтан да ұсынады, Ислам Әбішев алмайды. Ақыры болмағасын басқа біреуді ұстайды. Ол адамға қатысты істі қазір қысқартып тастады. Ол адам Ислам Әбішевке көрсетіп отырған жоқ. Бірақ, «Ислам Әбішев негізі осы ақшаны алғысы келген» деп қамап тастады.

– Дәлел жоқ қой сонда?..

– Иә. Енді осы арыздың артында тұрған адам – Азамат Шаймерденов «СМП - 610» деген мекеменің басшысы. Бірақ, оның ешқандай құқығы бұзылған жоқ. Ешқандай пара беруге тиіс емес. Оның айтуынша, Ислам Әбішев: «Сен «Қазбайлық» деген мекемеге барып, пара алып бер» деп тапсырма берген. Азамат Шаймерденов «Қазбайлық» деген мекемені өзі танымайды, сосын танитын адамына барады Макишев деген. «Сен ананы танисың ғой, Ислам Әбішевке пара алып берші» деп. Ол тағы бір танысына барады. Сосын ол: «Жұмысым кедергісіз ойдағыдай жүріп жатыр, неге пара беруім керек?» дейді. Болды, осымен іс бітуі керек қой. Жоқ, бұл ұлттық бюроға барып, «мен арқылы ақша сұрап жатыр» деп арыз жазады. Ұлттық бюро 60 миллион ақшаны береді. Соны апарып басқа біреуге береді. Бірақ сол үшін Ислам Әбішевті отырғызады. Бұны түсіну өте қиын. Өтірік деген сондай түсініксіз болып келеді. Пара алу деген нақты қылмыс қой. Сұрап жатқан сөзі болу керек. Ислам Әбішевтің  бір ауыз сөзі жоқ. Үш ай бойы жедел іздестіру шаралары жүргізілді ғой, қаншама сөзін, телефонмен сөйлескен сөзін, кездескен кездегі сөзін жазып алды, ақша сұрап жатқан бір ауыз сөз жоқ. Былайша айтқанда, бұл істің тапсырыспен болғандығы осыдан-ақ көрініп тұр. Осындай талай іспен кездесіп жүрміз ғой. Неше түрлі қитұрқы, адам түсініп болмайтын жолдармен жала жабылу осындай нәрселерден белгілі болады. Ақылға симайтын сценарийлер.

– Сценарий дейсіз. Тапсырыс дейсіз. Ал сол тапсырыс берушілердің аты-жөндері белгілі ме?

– Өте маңызды сұрақ болды. Осы кезге дейін адвокат ретінде, қорғаушы ретінде өзіме де жұмбақ болып келген. Бұрын біз ойша шамалайтынбыз, болжамға негіздеп келдік. Өйткені, менің қорғауымдағы Ислам Әбішев болсын, қасында отырған Серік Түкиев болсын, олар біздерге әртүрлі болжамдар айтты. Бірақ негізінен үш кісінің фамилиясын айтып, «не болса да осы үш кісіден келді» деп еді. Қазір олардың айтуынша, көздері толық жетті. Бұл үшеуі де тегін адам емес. Үшеуі де республикаға өте белгілі, өте беделді, жоғары лауазым иелері.

– Олар кімдер? Аттарын атай аласыз ба?

– Атын атап, түсін түстеп айтамын. Біріншісі – Арман Шораев есімді кәсіпкер, ақпарат саласындағы белгілі тұлға, үлкен қаржы иесі. Республикалық «Қазақ күресін» ұйымдастырып жүр. «Қазақстан барысы» жарысын көрсеңіздер, оған қанша қаражат құйылып жатқандығын байқаған болар едіңіздер. Арман Шораевтың артында көрінбей тұрған адамдар осал емес. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Және менің қорғауымдағы адамдардың есептеуінше, бұлармен сөз байласып отыр деп есептеп отырған адамдары – ол ұлттық бюро басшысы Алик Шпекбаев. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы осы істі тергеп жатқан орган – республикалық ұлттық бюро.

– Айып таққан да осы орган ба?

– Айып таққан да, сотқа жолдаған да осы орган. Алик Шпекбаев басқарған мекеме. Бұл үш кісінің атын менің қорғауымдағы Ислам Әбішев пен Серік Түкиев тергеу кезінен бері айтып келе жатыр. «Осы адамдар ұйымдастырып, өзара бірлесіп, бізге жала жауып, түрмеге тығып отырған үшеуі» деп.

– Олардың артында қандай мақсат болуы мүмкін?

– Бұл жердегі мақсат – анық әрі айқын. Бұлардың арасында бұрыннан келе жатқан дау бар. Бұлар деп отырғаным, менің қорғауымдағы адамдарым, олардың айтуынша Бозымбаев пен Шораев екеуі Әбішевтен де, Түкиевтен де олар басқаратын «Дүниежүзілік қазақ күрес ұйымын» өздеріне беруін талап етіп келген. Неше түрлі қоқан-лоққы болған. Ақшаға сатып алмақ болған. Күшке де салған. Ешқайсысына бұлар көнбеген. Себебі, Серік Түкиев (Ислам Әбішевтің қасында отырған адам) бүкіл өмірін, карьеарасын қазақ күресіне арнаған, өмірінің мәнін күреспен байланыстыратын адам. 15 жыл бұрын «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын» ұйымдастырған адам. Оны әлемдік деңгейде мойындатқан тұлға. Сол Серік Адамұлы Түкиев «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының» вице-президенті де, Ислам Әбішев – президенті, бұрыннан демеушілік көрсетіп, қолдап келген азамат.

– Яғни, іргетасын бірге қалаған деп айтуға бола ма?

– Іргетасын қалаған Серік Түкиев деп айту керек. Себебі, басында тұрған сол кісі ғой. «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы» тегін ұйым емес. 46 шетел мемлекеті мүше. Осы кезге дейін жеті бірдей әлем біріншілігін өткізіп тастаған. Елуден астам мемлекет өкілдері қатысады. Бұл күреске. Ең бастысы,  дүниежүзілік UWW (Біріккен күрес қауымдастығы) деген халықаралық мекеме бар. Сол ұйымға мүше болып кірген ұйым. Енді бір-екі ғана қадам жасау қалды, қазақ күресі Олимпиада ойындарының қатарына кіргелі отыр. Қазірге дейін Арман Шораев басқарып келген Қазақстанда ашылған федерацияның  «Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясына» қатысы жоқ. Олар тек Қазақстан бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Олардың артында да белгілі тұлғалар тұр Бозымбаев сияқты. Көп қаржы құйылып жатыр. Бірақ, олар ешқашан әлемдік деңгейге шыға алмайды. Ешқашан! Өйткені, UWW бас тартқан. Оларға: «Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы» құрамына кіріңіздер, сонда ғана сіздерге мүмкіндік болады» деген. Ал UWW құрамына кірмей, Олимпиада ойындарына кіру мүмкін емес. Түсінікті болу үшін айта кетейін, Ресей әлемде ойып тұрып орын алатын ықпалды мемлекет. Самбо күресінің отаны Ресей болып есептеледі ғой. Самбо күресін осы кезге дейін Олимпиада ойындарына да, басқа жерге де қоса алмай келе жатыр. Оларға Олимпиаданың ауылы алыс. Оған қарағанда қазақ күресі қосылайын деп тұр. Неге? Себебі, қазақ күресінің ғасырлық тарихы бар. Оны дүниежүзілік спорт мамандары көріп, біліп, түсініп, мақұлдаған. Ол бірінші Серік Түкиевтің, екінші Ислам Әбішевтің еңбегі. Осыған қаржы құйып, әлемдік деңгейге көтеріп, бүкіл мемлекеттерді мүше қылып кіргізіп, әлемдік деңгейде ұйым құра білген. Енді қазірге дейін Арман Шораев басқарып келген қазақстандық Қазақ күрес федерациясы осы кезге дейін жарыққа шыға алмай келген себебі, олар тек Қазақстанға ғана белгілі спортшыларды Қазақстанға ғана шақырады. Статус тек қазақстандық болып қала береді. Олимпиада деген үлкен мүдделердің тоғысатын жері. Себебі, сіз басқарып отырған федерация олимпиадалық ойын түрлеріне еніп кететін болса, қазақ күресі, онда мемлекет қаржылай қолдау көрсетуге міндетті болып қалады. Көрдіңіз бе? Бүкіл ауыл, аудандарда спорт секциялары ашылады. Бүкіл мемлекеттік деңгейде қаржы құйылатын болады. Осындай мүдделер тоғысатын жер. Енді мына қызықты қараңыздар: осы кезге дейін бұл іске А.Шпекбаевтың қатысы бар-жоғын болжаммен ғана қарадық. Болжам жасауға негізгі себеп не болды?

Жаңа қысқаша айтып өттім ғой, пара берілмекші болғандығын. Ол берілмеген пара. Бірақ А.Шпекбаев басқаратын ұлттық бюро 60 млн теңгені «пара ретінде апарып беруге» Шаймерденовке берген. Соған қарап ұлттық бюроның мүдделі екендігін білдік. Ұлттық бюроның тергеушілерімен біз оңаша жағдайда кездескен кезде олар «бізді үш әріп КНБ мәжбүрлеп отырған, тапсырыс беруші КНБ» деді. Бейресми жағдайда. Әрине, ресми түрде айтпайды. Соған сеніп келдік. Бірақ, КНБ қай жерде, қандай жағдайда іске мүдделі болуы мүмкін деп ойладық. Артынан мына бір жағдай көзімізді ашып берді: 2019 жылдың 20 маусым күні менің қорғауымдағы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті ұлттық бюроға кабинетке алдырады. Біздерді, яғни адвокаттарды шақырмайды. Сосын компьютерде терілген екі арызға қол қойдырып алады. «Біз «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы» президенті және вице-президенті қызметінен өз еркімізбен кетеміз» деген арызға қол қойдырып алады. Түрмеде отырған адам компьютерде тере алмайды ғой. Қолдарында интернет те, компьютер де жоқ. Оның орнына олар істі қысқартамыз деген уәде береді. Сосын іс қысқармағасын сұрайды ғой, мен білмеймін деп бір-біріне сілтейді. Кейін юстицияға тапсырыс беріп  қарасақ, қазіргі таңда «Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы»  президенті болып осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының басшысы А.Шпекбаев өзі тағайындалып алыпты.

– Былайша айтқанда, Әбішевті түрмеге қамап, қызметін тартып алды демексіз бе?

– Иә, солай. Біздің ісімізді тергеген республикалық ұлттық бюро басшысы Әбішевтің қызметін иеленген. Осы кезге дейін Қанат Бозымбаев пен Арман Шораев ала алмай келген федерацияны Алик Шпекбаевтың қолымен алып отыр. Бұл жағдай халықаралық үлкен жанжалға алып келеді. Сөзсіз. Себебі, қазір аттарын атамай-ақ қояйын, менің адвокат екендігімді біліп, Европаның бес мемлекетінің өкілдері хабарласты. Әзірге бесеу. «Бұл не жағдай? Біздің президентіміз – Ислам Әбішев қой» деп. Бұл халықаралық деңгейде өткен конгресте сайланатын қызмет. Яғни, тағайындалатын емес, сайланбалы. Европада біздегідей министр, ұлттық бюро басшысы деген қызметтер біздегідей беделді емес. Ол жақта демократия. Деморатиялық жолмен ең бірінші Қазақстан ғой ашқан деп, Қазақстаннан екі тұлғаны бірін президент, екіншісін вице-президент етіп сайлаған.

–   Яғни, сол федерацияға мүше мемлекеттердің барлық өкілдері дауыс беріп сайлаған ғой?

– Иә. 46 мемлекет мүшелерінің барлық өкілдерінің қатысуымен сайланған. Солар: «Біз басында азаматтар ұсталған кезде тергеу ісіне араласуға құқығымыз жоқ, Қазақстанның ішкі шаруасы дедік. Бірақ, не болып бара жатыр? Қазіргі біз танымайтын басшы кім? Алик Жатқанбайұлы Шпекбаев деген кім? Оны кім сайлады? Ол кім? Қандай қызмет атқарады?» деп маған шығып жатыр. Өкінішке орай, оларға айтуыма тура келді. Бұл адам Әбішев пен Түкиевтің ісін тергеп жатқан ұлттық бюроның басшысы деп айтуыма тура келді.

Сондықтан да менің қорғауымдағы азаматтар үш адамның атын нақты айтып отыр. Тағы да қайталап өтейін. Олар: Арман Шораев, белгілі кәсіпкер, меценат, медиа саласындағы беделді тұлға; энергетика министрі – Қанат Бозымбаев; Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро басшысы – Алик Шпекбаев.

Осы үш адамның одағының нәтижесінде Ислам Әбішев пен Серік Түкиев жалған жаламен тұтқындалып отыр. Жала екендігін өз атымнан айта аламын. Себебі, мұндай іс болмаған ешқашан да. Пара алмаған адамды ешбір дәлелсіз «пара алғысы келді» деп соттау ақылға сыймайтын нәрсе. Осындай сот процесі басталғалы жатыр. Бұл жерде айтылатын нәрсе өте көп. Бізде шенеуніктің бәрі жемқор, парақор деген түсінік қалыптасып қалған ғой. Егер сол стандартты ойлаудан шыға алмасаңыздар, 14 қазан күні болатын сотқа шақырамын. Алдында дайындық сатысынан өттік, сол кезде ашық сот екені белгіленді. Журналистер қатысатын болады. Барлық журналистерді, блогерлерді, жалпы өз құлағымен естіп, өз көргеніне ғана сенетін барлық адамдарды шақырамын. Астана қаласындағы арнайы қылмыстық істерді қарайтын сотқа келіп қатысуларыңызды сұраймын. Немесе сол соттан көрсетілетін тікелей репортаждарды көруге кеңес беремін. Біздің жасыратын ештеңеміз жоқ.

Менің қорғауымдағы Ислам Әбішев «басқа да кісілердің атын атап, түсін түстеп бәрін айтамын, неше түрлі былықтың бәрін шығарамын» деп отыр. Өйткені, ол кісінің жоғалтатын ештеңесі жоқ. Неге десеңіз, ол кісіге тағайындалғалы отырған жаза – 10 жылдан жоғары қарай. Ойлап қараңызшы, 3-4 жыл болса, мүмкін шартты жаза алып қалармыз деген үмітіміз болар еді, «қартайған шағында жағаласпай-ақ қояйықшы» деп. Ол кісіге жасыратындай ешқандай қажеттілік жоқ. 300 миллиард, 1 триллион бойынша да айтылмаған әңгіме көп. Бұған дейін су саласында екі адамның өлімі болған – Жампозов пен Мұхамеджанов. Оның бәрін ұлттық бюромен байланыстырамыз. Мұхаммеджанов Алматы қаласындағы Алматы облысы бойынша «ұлттық бюроның тергеу бөлімінде отырғанда төртінші қабаттан секіріп кетті, өзін-өзі өлтірді» делінеді. Шын мәнінде басқаша болған. Ол да айтылады. «Оның өліміне сол Алматы облысы бойынша ұлттық бюроның адамдарының қатысы бар» деп есептейді менің қорғауымдағы адамдар.

Ал Жампозовты өздеріңіз білесіздер, ұлттық бюро тарапынан көрген қорлығын бәрін тікелей эфирге шығарып, бүкіл халыққа жария етіп кетті, мешітке барып сөйледі, елмен, халықпен қоштасып, тергеуші мен прокурорды жаралап, өзін атып өлтірді. Бұл екі өлімнің де осы іске тікелей қатысы бар. Біріншіден, бәрін айтуға уақыт тар. Екіншіден, сот барысы кезінде айтылатын нәрселерді Әбішев пен Түкиев өз ауыздарымен айтады. Себебі, мен қастарында болған жоқпын. Екеуіне де Әбішевке «қарсы показание» беруге, неше түрлі ұсыныстар айтылған ұлттық бюрода. Олар қарсы жауап бермеді. Мұның бәрін Әбішевтің өз аузынан еститін боласыздар.

– Бұл кісінің істі болуы Су комитетіндегі жұмысына қатысты емес пе еді? 

– Тікелей қатысы бар. Су ресурстарының комитеті басшысы ретінде айыпталып отыр ғой. Пара алғысы келді деген айып тағылып отыр.

– Кеше алғашқы тыңдалым, сот отырысы болды дедіңіз. Сол тыңдалым жабық түрде өтті, ешкім қатыса алған жоқ. Тек өздеріңіз қатыстыңыздар. Не айтылды? Қандай өтініш, талап-тілектер бердіңіздер?

– Қысқаша айтайын. Менің тарапымнен мынадай өтініштер айтылды. Қылмыстық істерді қысқарту туралы өтінішім толық бес беттен тұрады. Екінші өтінішім – бас шарасын өзгерту туралы. Үшіншісі – сарапшы маман қорытындысын қабылдау туралы. Төртіншісі – қылмыстық істерді прокурорға қайтару туралы. Бесіншісі – бас сотты талқылау тағайындалған жағдайда дайындық істері туралы. Алтыншысы – Ұлттық бюроның арандатушылық іс-әрекеттері туралы өтініш. Менің тарапымнан осындай алты бірдей өтініш жарияланды. Мен «буынсыз жерге пышақ ұрмаймын». Ойыңа келген сөзді жаза бермейсің ғой. Бәрі негізделген, нақты дәлелдер ұсынылған. Әрқайсысының артына жалғаған дәлелдеуші құжаттары бар. Сол өтініштерді жариялау үшін бір сағат үстінде уақытым кетті. Соған судьядан алған жауабымды көрсетейін. Бар-жоғы екі-ақ бет. Қанағаттандырылмады деп бас тартты. Алты бірдей өтінішімді қабылдамады. Және судья қайда, неге асыққанын білмеймін, төртеуіне жауап беріп, екеуін мүлдем ұмытып кеткен.

Ең басты айтқым келіп отырғаны – бұл істің артында кімдер тұрғандығын айтып үлгеруге тиісті болдым. Бүгін бірінші рет айтып отырмын. Бұл адамдардың осал емес екендіктерін де айтып отырмын. Алдыңғы өткен пресс-конференцияда бұл фактілерді айтқаным жоқ. Жалпы іске қатысты кей нәрселерді түгелдей айтқаным жоқ. Бірақ соның өзінде, қателеспесем, «31 арна» жаңалық таратқанда орысша нұсқасында «Битва титанов» деген атпен беріпті. Өте дұрыс қойыпты. Бұл өте үлкен лауазымды тұлғалардың арасындағы текетірес екендігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Және бұның артындағы лауазымды тұлғалар Қазақстанның беделді, былайша айтқанда, шешуші тұлғалары.

– Бүкіл Қазақстанның, халықтың тағдырын шеше алатын тұлғалар дейсіз ғой?

– Иә. Мұны айтып үлгермесем, олар түрлі жолмен менің де аузымды жабудың жолдарын қарастырған болар еді. Ертеңнен бастап журналистерге ресми түрде хабарлаймын. Ең басты айтатыным – 14 қазаннан бастап, Астана қаласында  күн сайын сот отырысы болады. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері. Бұл мәселе арқылы халыққа, қоғамға қандай пайдалы ақпарат бере алуымыз мүмкін? Біріншіден, Қазақстанның жемқорлық жүйесі қаншалықты тереңге кетіп қалғанын біле аласыздар. Еліміздің бюджетінің, яғни сіз бен біздің ақшамызды жеу, оны талан-таражға салу жолдарының мөлшері қаншалықты екендігін біле аласыздар. Өз басым, бұрын 20-30 пайызын ұрлайтын шығар деп ойлайтынмын. Бұлар деген «түйені түгімен жұтады» деген сөз бер жағы, одан асып түседі екен.

Мысалы, «Әбішев триллион үнемдеді» деп отырмыз ғой. Әбішевті 2013 жылы Су ресуртары комитетінің басшысы қызметінен кетіріп, ол жоқ кезде, премьер-министр деңгейінде құрылған мемлекеттік бағдарламада су шаруашылығына бөлінген ақша – 1 триллион 500 миллиард. Әбішев 9 ай қызметте болмаған кезде жасалынып, қабылданған бағдарлама. Бұл кісі Назарбаевтың жеке тағайындауымен сол қызметке қайта келгенде сол қаржының 1 триллион теңгесі артық екенін дәлелдеген. 500 миллиардқа бұл істі тәмамдауға болатынын дәлелдеген де, 1 трлн теңгені қысқартқан. Сол кездегі Президент Н.Ә.Назарбаевтың алдына кіріп дәлелдеген. Назарбаев сол нұсқаны бекітіп, қалған ақшаны бюджетке қайтарамыз деп қол қойып, шешім шығарған. Сонда қараңыздар, 31 миллиард бір ғана жобаға – Астана қаласындағы су қоймасына бөлінген. 29 миллиард артық бөлінген... Ақылға сыйғызып қараңыздаршы, сол кездегі триллион қазіргі 2 триллион. 1 триллион деген Қазақстандағы бүкіл үй мәселесін, бүкіл көпбалалы аналардың мәселесін, бүкіл әлеуметтік мәселелерді түгел жауып тастайтын ақша. Бір ғана комитеттен ұрланып отырған ақша.  Бұл жағдайды білу біз үшін өте маңызды. Өзім орыстілды ортада көп жүремін. Өкінішке орай, қазақ тілді ортаны сауатсыз деп айыптайды. Өйткені, кейде сауатты түрде мәселелерді қоя білмейді деп айтады. Мына істі әдейі қазақшаға аудардық. Мұның өзі үшін соттасуымызға тура келді. Тергеу орысша жүріп келді. Жалпы, мұндай деңгейдегі істер үнемі орысша болады. Біз де басында орысша қатысып келдік. Кейін Әбішев: «Істі қазақшаға ауыстырыңыздар. Мен – қазақпын, қазақша еркін сөйлеймін» деді. Ол кісі принципке барып айтты. Сосын біз өтініш беріп едік, ұлттық бюро тергеушілері қазақша жүргізуден бас тартты. Бұл енді сұмдық жағдай. Конституция бойынша да, қылмыстық кодекс талаптары бойынша да іс, негізінде, мемлекеттік тілде тергелу керек. Істі болып жатқан адам мемлекеттік тілді білмеген жағдайда және тек қажеттілік болған кезде ғана басқа тілде жүргізілу керек. Содан өзім бас прокуратураға жаздым. Ол жерде өзім қатты сыйлайтын Серік дейтін бірінші қызметтің мықты бастығы бар. Соның қолымен менің өтінішімнен бас тарту туралы қаулы алдым. Ақырында тергеу сотына сотқа беріп барып, қазақша сөйлеу құқығымызды сот арқылы қайтардық. Сөйтіп қазақшаға аудардық. Сондағы ойымыз – қазақ тілді орта билікте қандай сұмдықтар болып жатқандығын, қандай деңгейде ақша желініп, бюджетті талан-таражға салу қаншалықты деңгейде асқынып, дендеп кеткенін білсін деген ой. Сондықтан да репортаждар міндетті түрде қазақ тілінде жүргізіледі. Сот процесі бастан-аяқ қазақ тілінде болады. Сіз бен біздің қаражатымыздың, ақшамыздың есебін сұрау, болашақта қалай талап ету  жолдары ұсынылатын болады. Шет жағасын айтайын: Кезінде Ислам Әбішев 300 миллиард теңгені үнемдеді ме? Үнемдеді. Бұл факт. Құжат түрінде дәлелденіп, мемлекет деңгейінде мойындалған нәрсе. 1 триллион ақша да дәлелденді. Бұл да факт. Ондай болған жоқ деп ешкім айта алмайды. Енді қараңыз, неге осы фактілер бойынша іс қозғалмайды? Сол триллионды, сол 300 милиардты кімдер жегісі келді? Кімдер ұрлағысы келді? Құны аспандаған жобаларды кімдер жасап, кімдер қабылдады? Оны да біреулер талан-таражға салып, қалтасына басып қалғысы келді ғой?!..

–  Жаңа сіз айтып қалдыңыз ғой, жемқорлар ары кетсе 20-30 пайыз жейтін шығар деп ойладым деп. Былай қарасаңыз, 2 миллиардтық жобаға 31 миллиард сұрау деген 15 есе көп...

–  Солай. Қазақстанның тұралап жатқаны сол екен. Өкініштісі сол, біз бәрін көтеретін боламыз. Алдын-ала айта кетейін, ұлттық бюроны сотқа бергелі жатырмын. Неге? 60 миллион теңгені алғысы келді деп Әбішевті отырғызып тастаған кезде, дәл сондай сценариймен дәлелденіп тұрған триллионды, 300 миллиардты кім жегісі келді? «Покушение на хищение гос.бюджета» фактісі көрер көзге түсінікті боп тұр ғой. Яғни, аса ірі көлемде мемлекеттің ақшасын ұрлауға оқталу белгісімен іс қозғалмаған осы кезге дейін. Бұл жерде ұлттық бюроның өзі қызметтік тұрғыдан қылмыс жасап отыр деп есептеймін. Себебі, сол фактіні тергеп-тексеру олардың міндеті еді. Біз, негізінде, талап етіп, жұмыс жасатуымыз керек. Бұл іс қоғамдық деңгейде, қоғамның бақылауында сол үшін болуы керек. Сіздер Ислам Әбішевті батыр деп танымай-ақ қойыңыздар, ақтасын деп талап та қоймай-ақ қойыңыздар. Бірақ, осы мүмкіндікті пайдаланып, «неғып біз ақшаға жарымаймыз, неге Қытайдан қарыз ала береміз, бюджет ақшасының бүйірі неге томпаймайды?..» деген сұрақтардың жауаптарын естігіңіз келсе, осы сотты бастан-аяқ қоғамдық бақылауға алыңыздар дегім келеді.

– Сіздің қорғауыңыздағы Ислам Әбішевтің өзі бизнесте болған адам екен...

Осы жерде айта кетейін: 300 миллиард үнемдегенде Қазақстан бойынша жоба барысын «от и до» тексерген ғой. Оған негізі Ислам Әбішев жауапты емес болатын. Оның заңдылығына жауап бермейді. Себебі, ол келмей тұрып, қол қойылып, реттеліп қойған. Шағын ғана жоба. Көп те емес, 9 миллиардтың жобасы. Бұл кісі 500 миллионға дейін түсіріп тастайды ғой. Сол кезде жобаның артында тұрған мүдделі адамдар бұл кісіге қолма-қол 2,5 миллиард ақшаны пара ретінде алып келеді. Және оны мемлекет деңгейінде жүрген басшы әкеледі де: «Мына жігіттер менің жақын бауырларым еді.  Осы ақшаны ал да, қысқартпай-ақ қойшы» деп өтініш айтады. Исекең ол кісінің үстінен арыз жаза алмаймын, сыйлас адамым еді дейді. «Екеуміз ренжіспей тарқайық. Бюджетте ақша жоқ. Мына ақшаны қайтарамын. Сенің де, менің де ақшам емес» деп бас тартып, әлгі кісіні қайтарған жайы болған. Сонда 60 миллион емес, 1 триллионнан 1 пайыз алса да жетіп жатыр ғой, пара алатын болса. Бұл – бір. Екіншіден, Ислам Әбішев бизнесте де жолы болған адам. Қандай бизнестермен айналысқандығын, не ашқандығын өзі жасырмай айтады.  Сондықтан 60 миллион теңге біреулер үшін көп ақша шығар, бірақ Ислам Әбішев деңгейіндегі адамдар үшін ондай үлкен сумма емес.

– «Екі айдан кейін зейнетке кетемін» деп отырған Ислам Әбішев үшін 60 миллион 60 теңгеге «қол былғағанмен» бірдей ғой?

– Иә. Айта берсең әңгіме көп. Стенограмманың өзінде жазулы тұр. Осындай әңгіме шыққан кезде, өзі әңгімесі жазылып жатқанын білмейді, Азамат Шаймерденовты шақырып алып: «Әй, айналайын, мен осындай әңгімелер естіп жатырмын. Сенің қатысың жоқ па? Тыныш жүріңдер. Мен абыроймен кетуім керек» деп ұрсады. Бұл 2019 жылдың қаңтар айындағы әңгіме. Ол кісі наурызда зейнетке кетуі керек.

Шын мәнінде ол кісі 60 миллион теңгеге мұқтаж адам емес. Қажеттілігі  де жоқ. Зейнетке кетейін деп отырған жерінен, Қазақстанның күрес федерациясын басқалай алатын рычагы қалмағандықтан, оны осылай мақсатты түрде «істі» қылған.  Ал Қазақстанда шенеунікті айыптау өте оңай. Өйткені қоғамның өзі айыптай жөнеледі. Қоғамның өзі, бір шенеунік қамалса, бейнебір соттардың бәрі, прокурорлардың бәрі объективті қарайтындай, ұлттық бюро объективті тергейтіндей, шенеуніктерді бүкіл қоғам айыптап шыға келеді. Сондықтан менің ылғи айтатыным сол, мен үшін ең ауыры – шенеунікті қоғамның алдында қорғау, ақтап алу.

–  Әрине, фактіге сүйенсе, факті болса, нақты сол ісіне қатысты, сөз басқа...

–  Бір ғана сөз айтайын. Егер нақты факті болса, елдің бәрін 14 қазан күні басталатын сот процесіне келіңіздер деп шақыра алмас едік. Делода прокурор көрсетпей ме, «міне ақша сұраған кезі, міне ақша алып жатқан кезі, міне Әбішевтің телефонмен сөйлескендері» деп. Бұлар екі өтірік куә тауып алды. Сол куәлар «негізі алғысы келді» деп айтып отыр. Алды деп айта алмайды. Себебі, алған жоқ. Алғысы келгеніне де дәлел жоқ.

– Алғашқы сот отырысында жариялаған өтініштердің қысқаша мазмұнын айтып берсеңіз...

– Біріншісі – қылмыстық істі қысқарту туралы. Қысқартуға толық негіз бар. Екінші өтінішім – бас шарасын өзгерту туралы болды. Ислам Әбішев зейнет жасындағы адам. Тергеу изоляторындағы ең жасы үлкен адам. Адам өлтірсе де қамамайтын соттарымыз дәл Ислам Әбішевке келгенде қатып қалды. Үй қамағына жіберуге толық негіз бар. Дәл осы статьядағы жасы әлдеқайда кіші, денсаулығы мықты адамдар үй қамағында отыр. Ислам Әбішевті шығармады. Түрмеде жатқан кезде 4 рет құлады. Бірақ «денсаулығы бәрі жақсы» деп жазып береді де, шығармайды. Үшінші өтінішім – сарапшы маман қорытындысын қабылдау туралы. Пара алмаған жерде, ең негізгі нәрсе сот филологиялық-психологиялық сараптамаға жүгінеді. Сарапшылар үш ай бойы жазды ғой. Азамат Шаймерденовпен кездескен қызмет бабында, әңгімелері жазылып жатқандығын білмейді. Біздің ұлттық бюроның қолынан бәрі келеді. Мемлекеттік сарапшыларды соған итермелеп, пара алғысы келді дегенге келетін қорытынды жасаған. Біз осының бәрін быт-шытын шығарып дәлелдеп, жаңа сараптама ұсындық. Оны да қабыл алмады судья. Төртінші өтініш – қылмыстық істерді прокурорға қайтару туралы. Дәл осы соттың дайындық сатысындағы қылмыстық істі, белгілі бір жағдайларда істі кері қайтару тәртібі көзделген. Бұрынғыша айтқанда ДС дейді. Қылмысты қосымша тергеу дейді. Қазір қайтару деп жазылған. Ұғымы өзгерген. Бұған да жеткілікті деректер келтіріп, дәлелдеп берген болатынмын. Қазіргі таңда бас сот талқылауда болмайтынын дәлелдеген болатынмын. Тағайындалған жағдайда дайындық жұмыстары туралы өзіміздің тарапымыздан куә ретінде Алик Шпекбаевты шақыртқанбыз. Бізге себебін түсіндірсін. Қалай федерация басшысы болғандығын. 15 жылдық жұмысты қалай жеті күннің ішінде тартып алды? Ешқандай қатысы жоқ адам. 20 маусым күні Ислам Әбішевтен бас тарту туралы өтініш алып алады да, 27 маусым күні өзі басшы болып отырады. Юстиция берген құжаттарын тіркеп қойдым. Сот Шпекбаевты шақыртудан бас тартты. «Өйткені, бұрын тергеуде куә ретінде жауапталмаған» дейді. «Және тергеушілер куә деп танымаған» дейді. Осындай сөз бола ма? Егер тергеушілердің танығанын ғана сотқа шақыра алсақ, онда қорғаудың не керегі бар? Біздер, адвокаттар не істеп жүрміз? Қылмыстық процесс кодексінің заң талаптары бойынша судья білмей бұзып отырған жоқ, біліп бұзып отыр деп есептеймін. Судьяны осыншалықты сауатсыз деп ойламаймын. Ал конституция бойынша заң мен соттың алдында жұрттың бәрі бірдей. Атқарып отырған қызметіне, лауазымына байланысты емес. Қазіргі заң бойынша тек Президентті ғана куә ретінде шақыра алмаймыз. Қалған деңгейдегі барлық шенеунікті шақыра аламыз. Оның үстіне, бұл жерде тікелей қатысы бар адам болса да, бас тартты. Тағы бір өтініш жаздым – Ұлттық бюроның арандатушылық іс-әрекеттері туралы. Әзірге бұл жабық тұра тұрсын. 14 күнгі сотта қандай арандату әрекеттері, қандай провокация орын алғандығын біз айтамыз. Мұның бәрі бір мақалаға сыймайды. Әрқайсысы атан түйеге жүк болардай үлкен-үлкен мәселелер.

– Соңғы сұрақ: Ислам Әбішев отырған камера қандай? Суханбердиеванікі сияқты комфорт па?

– Жоқ. Ешқандай комфорт жоқ. 138-ші қапаста отыр. Қазіргі аудармада қапас дейді. Тергеу изоляторында, Астананың Шанхай деген районында. Ол жерде, негізінен, 3-4 кісілік орындар, бірақ 6, кейде сығылысып 8 адам жатады. Бүкіл санитарлық нормалар бұзылып отырады. Ешқандай артықшылық жоқ. «Санчастьқа» да ұсыныс түсіргенде, «ремонт басталып кетті» деп, құлап жатса да камераға қайта жатқызады. «Санчасть» деген – изолятордағы науқас адамдарды жатқызатын, дәрігерлер бақылауында болатын бөлім. Ремонт басталып кеткендігін Исекең «мен үшін әдейі істелген» деп есептейді. Сондай жағдай.

– Егжей-тегжейлі әңгімеңізге рахмет! 

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Сұхбаттасқан Сәуле Әбединова

Abai.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер