«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Анамыз
Анамыз
Дайындаған: 2 ай бұрын

Сәуле Мешітбайқызы Анамыздың «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» атты мақаласына қатысты ой пікірім). Бұл мақаланы толықтай оқыған соң еріксіз қолыма қалам алдым. «Ой ойдан шығады — ойламаса қайдан шығады?» деген халық мақалы бар. Соның бір дәлелі, жоғарыдағы Сәуле Мешітбайқызы АНАМЫЗ-дың аналық жүрегімен күйзеле отырып, күйіне жазған «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» атты осы мақаласы соның айғағы. Тек бұл ғана емес, мұнан басқа да көптеген көкейкесті өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға бір кісідей-ақ ат салысып жүрген АНАМЫЗ-дың арқалаған жүгі, бүгінгі (ел аманатын) арқалаған жоғарғы биліктегі азаматтарымыздан бір де кем емес десек, ол да артық айтқандық болмас еді, әрі бұл сөзіме оқырман қауым да келіседі деп сенемін. Олай дейтінім, «Ердің құны екі ауыз сөз» деп, бұрынғы даналарымыз бекер айтпаған. Кешегі Жаңаөзен оқиғасында да, ерлеріміздің қолынан келмегенді келтіріп, ерлеріміз айта алмағанды айтып, дүрліккен елді жөнге салғандардың бірі де осы Сәуле Мешітпайқызы АНАМЫЗ болатынды. Шетте жүрген 5 миллион қандастарымыздың тағдыры үшін де Елбасына ДАТ-ын айтып, кері қайтқан ұлы көштің басын бері бұрған да осы АНАМЫЗ екенін баршамыз білеміз. Әңгімемнің арқауындағы бұрынғы ұлылардың, даналардың, бүгінгі білгірлердің сөзін өзімдікі еткім келмейді. Сол үшін де келтірген (кейбір) дәлелдерімнің авторлары болса маған іренжи қоймас! Сәуле АНАМЫЗ әуелгі: — Өмір ағынды судай ағып барады. Ұлағатты ұрпақ өсіру — ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді — деген сауалды ортаға тастапты. Әрине, ұлағатты ұрпақ өсіру баршамыздың басты парызымыз. Дей тұра, бүгінгі біздің қоғамымызда бұрын соңды болмаған, (болса да тым сирек кездесетін) біздің ұлттық болмысымыз бен ұлттық тәлім-тәрбиемізге жат өрескелдіктердің бүгінде қоғамды жаулап алғандығын мойындауымыз керек. Ұлттық болмыс пен ұлттық тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлттық болмыс жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазіргі ұрпақ бізден алған тәлім-тәрбиені өзінен кейінгілерге жеткізуші алтын көпір деуге болады. Қандай да бір халықтың өсіп-өркендеуі артына үрім-бұтағын жалғастырар ұрпақ қалдыруына байланысты. Сонымен қатар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қоғамдық орта да тәлім-тәрбиеге едәуір ықпалын тигізеді. Мәселен, жанұядағы отағасы бүкіл отбасы мүшелеріне, ал ұлттың бетке ұстар игі жақсылары тұтас қоғам мен халыққа үлгі болып, ықпал етеді. Ал, еліміздің, ұлтымыздың өркендеп дамуы да тікелей өзімізге байланысты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ, дамып өркендеуіміз мүмкін емес. Сол үшін де бүгінгі қоғамымыздағы осы тектес халықтың құнды ой пікіріне «жанайқайына» құлақ асып, оны елеусіз, аяқсыз қалдырмауымыз керек! «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», — деп айта аламыз ба бүгінде?- деген сауалына ойысып көрелік. Адамды атап шақырудың дүниежүзі халықтарында әралуан түрлері бар. Біздің қазақтар адамдарды жас ерекшеліктеріне, туыстық қатынастарына қарай және де қоғамдағы қызметі мен діни атағына қарай атап шақырған. Танымайтын ер адамдар бірін-бірі ақсақал, ата, әже, көке, апа, аға, жеңгей, қарындас, балақай деп те шақыра береді. Ал қоғамдағы орнына қарай батыр, қажы, биеке, байеке, молдеке, т.б. деп атап жатады. Солай атау халықтың өзіндік дүниетанымын, елдің елдігін, бір билікке бағынған құрылымы бар екенін аңғартады. Міне, осы атаулардың өзі бізді басқа халықтардан даралап, ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұрады. Енді осы атаулардың ішінен біз жоғарыдағы «Қарияларымыз» бен «Ақсақалдарымыз» жайлы сөз қозғап көрелік. Біз қазір кімдерді «ақсақал» деп атап жүр¬міз? Жуырда ғана жа¬рық көрген «Қа¬зақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Ақсақал — жасы үлкен, құрметті ер адам, қа¬рия» деп жазылған. Сондай-ақ, сөздікте бұл сөздің ауыспалы мағынасына да түсінік берілген. «Ақсақал — тәжіри¬бесі мол адам, өз ісінің шебері» делін¬ген. Осыған қарағанда бәлендей нақты жауап та жоқ сияқты. Ал, байырғы қазақы ұғымға, яғни дала қазағының тұрмыс тіршілігіндегі ғасырлардан қалыптасқан үрдістерге сүйенер болсақ, онда (қарапайым қазақы көзқараспен) «Қария» мен «Ақсақал» -ды ажырату онша қиынға да түспейді. Мысалы, біздің қазақта: «аттан түскен» немесе «ол Ақсақал аттан түскелі қашан?» деп жатады. Міне, бұл Ақсақалдардың ел ісіне жарамсыз болып шау тартқан шағын, яғни «Қария» болғандығын білдірсе керек. Ал, жалпы алғанда қырықтан асып ел ісіне белсенді араласатын елағаларын «Ақсақал» десек, оның қателігі де, ерсілік әбестігі де жоқ сияқты, Ұлы Абай атамыздың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінің өзі, сол Абай атамыздың не бары қырық бір жасында жазылған екен. Міне, енді мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, бүгінгі таңдағы ел басқару тетіктеріндегі осы жастағы барша азаматтарымызды біз «Ақсақал» деуімізге де болар. Бұл бір жағынан, (байырғы қазақ қауымында ел тағ¬дырын шешуге белсенді түрде атсалыс¬қан қарттар¬ мен рубасыларын «ақсақал») деп атап келген үрдіспен де үндеседі. Олай болса біздің қазақ халқы қазіргі таңда да «Ақсақалдар» — ға зәру деп айта алмаймыз. Керісінше, сол Ақсақалдарымыздың қадірін білмейміз, қадірлей алмаймыз десек, шындыққа бір табан жақын болар еді. Бүгінгі қоғамымыздағы осы тектес сүреңсіз қателік кемшіліктерге жүрегі сыздап, жаны ауыратын, өз қара басының мүддесін емес, елінің болашағын, мұратын ойлайтын қаншама «Ақсақалдарымыз» да баршылық. Әттеген-айы, тек бастаған істерінде табандылық көрсете алмай жүргендігі демесек. Алайда, оларды да кінәлау қиын! Біз әрбір іске тым жүрдім-бардым қарап дағдыланған халықпыз. Сол жүрдім-бардым, салақтығымыз бен салғырттығымыз бізді бүгін болмаса да, күні ертең-ақ теңіз тұңғиығына батырары сөзсіз. Олай дейтінім, осындай белсенді адамдардың жігер күшін құртатын да осы «немқұрайлылық». Айталық, ешкім сөзіңе құлақ аспаса, шырылдап жүгірген ісіңнен нәтиже шықпаса, тіпті соны елеп жатқан адам да болмаса, ол адам ары қарай қайда бармақ?! Бастаған ісінен қалай нәтиже шығармақ?! Осы жағдайды түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін, тіпті түсінсе де жүрдім-бардым қарайтын, яки немқұрайлылық танытатын, (кей бір) ел басқарып отырған азаматтарымыздан бастап, сол «жанайқайларға» тиесілі жауап беретін министірліктер мен мекеме органдардың басшыларының жауапсыздығы, осындай белсенділеріміздің жігерін моқап, жермен жексен етеді. Міне, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тумақ?» дегендей, осыдан кейін қоғамымызда қандай «Ақсақалдар» мен «Белсенділер» болмақ! Кезінде Төле би бабамыз: — «Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол! Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол!», -дегені бар. Бұл бүгінгі үлкен кіші баршамызға бағытталған өсиеті екендігін біліп, қоғамның әрбір мүшесі өзінің орнын, жауапгершілігін сезінуді басты міндетім, әрі парызым деп ойлауы керек! Сонда ғана біздің кемшіліктеріміз жойылып, кем кетіктеріміз түгенделмек!!! Сондай-ақ, Сәуле АНАМЫЗ-дың: «Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса, не себерсің?» деуі де өте орынды айтылған сөз. Қазіргі таңда ар-ұят, намыс, серт деген өмірлік құндылықтар арзандап барады. Жас ұрпақ адалдықты, сыйластықты, мейірімді болуды, бір-бірлеріне көмектесуді отбасынан үйренеді. Отбасының берекесі имандылықтан бастау алатындықтан, біз болашағы жарқын мемлекет құру үшін, әуелгі отбасындағы ахуалға басты назар аударуымыз қажет. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына көп көңіл бөлінген. Имандылық, адамның қоғамдағы және күнделікті өміріндегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші күш. әрі адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік, қадір- қасиет белгісі. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп жататындығымыз сондықтан болса керек. Мұсылмандық дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болса, иман — жүректегі нұр. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті ол — адамзатты иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі соның дәлелі. Сондай-ақ, Ақыт қажы Үлімжіұлы бабамыздың: «Намаз оқып, бой күтіп, Өз дініңді асылда. Сөз сөйлесең жуандап, Қонақ келсе қуаңдап, Берекеңді қашырма. Ашылса шашың бұрқырап, Періште тұрмас қасыңда,» деуі де соның бір айғағы. Біздің өзіміз де, ұрпақтарымыз да осындай ғибараты мол әңгімелерді көптеп оқып, оның тәлімдік тағылымын санамызға сіңіріп, күнделікті өмір тіршілігіміздің бағдарына арқау ете білсек, қандай жақсы болар еді деген ой ғой. Біздің діни сауатымыздың аздығы айып емес, тек білмегенімізді білуге, үйренбегенімізді үйренуге деген құштарлығымыздың, құлшынысымыздың жоқтығы басты айыбымыз болып отыр деп ойлаймын. Сол үшін де оқып білім алудан, көріп тәлім алудан әсіресе жастарымыз жалықпаса екен дегім келеді. Ал, АНАМЫЗ-дың осы тақырыптағы тағы бір шетін мәселесі ол — ел ішіндегі Ақсақалдарымыздың кейбір келеңсіз әрекеттері мен қылықтары! Бұл да орынды айтылған шындық. Шынымен де адамдардың жақсы қартаюының өзі, тек өз отбасына ғана емес, көрші қолаңынан бастап, ауыл аймағының жастарына үлгі өнеге көрсетерлік бірден бір көрсеткіші! -деуге болар еді. Меніңше, дұрыс қартаюдың онша қиындығы да жоқ сияқты. АНАМЫЗ-дың бұл тұрғыдағы тұжырымдамасына қосып айтарым:

Қонақпыз ғой, бұл өмірге келіп кетер,

Бұл пәниден көргеніңнің бәрі бекер,

Өзің өлсең артыңда мұраң қалсын,

Ұрпағың мен болашаққа беріп кетер.

Ақыл-ой, парасатпен жігер қайрат,

Қанағат болса, бойыңызда бәрі жетер,

Жиған дәулет, қол жеткізген билігің де,

Түкке тұрмас, қолдың кірі жусаң кетер!

Осы сөзімнің парқын түсінгендер алдағы уақытта ойлана жатар деген үміттемін.

Қарияның сөзі биліктің «көзіріне» айналар күн туар ма?

Міне, бұл да қазіргі қоғамымыздағы тағы бір күрделі мәселе! Д, Қонаев атамыздың естеліктерінің бірінде: «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтіп ашар есігімді қатты жаппадым. түптің түбінде оралар ортам- ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де — қара жер, қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім»- дегені бар. Осыған зер салсақ, «Ұлық бол, ұлық болсаң кішік бол», немесе «Әкім бол, әкім болсаң халқыңа жақын бол» дегендей, қаншалықты биліктің биігіне көтерілсең де, халқыңнан биік емессің!, өзіңді қадірлеп билікке сайлап биікке көтерген, сол халқыңның қадірін біл! — деп тұрған жоқ па? Билік десе біз тек «жоғарғы жаққа» көз тігіп үйреніп қалған халықпыз. Әрбір ауылдың әрбір «Қариясы» да, «Ақсақалы» да, тіпті әр отбасының «Отағасы» да білген адамға билік! Олай болатыны, қоғамның өзі осылардан құралатындығында. Әркім өзіне, әрбір отағасы өз отбасына, ал әрбір Ақсақалдарымыз ауыл аймағына иелік етіп, үлгі өнегелігін көрсетіп отыратын болса, онда шешілмейтіндей қандай мәселе болмақ! «Елге бай құт емес — би құт» деген қазақтың сөзі бар. Еңселі ел болудың талай-талай жолдарын бұрынғы данагөй бабаларымыз бен билеріміз өсиеттеп айтып та кеткен. Солардың бірі «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би». Әйгілі Шыңғысханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы болған сол Майқы би бабамыз кезінде халық бірлігін бәрінен де жоғары қойғаны тарихтан мәлім: Бүгінде екінің бірі айтатын «Бірліксіз тірлік жоқ» деген сөз де, кезінде осы Майқы би бабамыздың ауызынан шыққан сөз екендігін, бүгінде біреулер білсе де, біреулер білмес. Сол Майқы би бабамыз: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді» деп өсиет қалдырғаны бар. Осының бәрі де біздің елдігімізді сақтап «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып дегендей, ынтымақ берекешіл болуымызды тілеген бұрынғы дана бабаларымыздың тілектері, һам өсиеттері. Біз сол бабаларымыздың өсиет аманаттарын орындауға міндеттіміз, әрі олай ету әрбір азаматтың азаматтық парызы болмақ. Біз ыдырап бөлініп емес, ынтымақтасып бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі таңдағы қала, обылыс, аудандардағы «Ардагерлер кеңесін» басқарып отырған ағаларымыздың нәтижелі жұмыс жасауы, еліміздің тұрақтылығына, тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне, сондай-ақ, әсіресе бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы осы тектес күрделі мәселердің шешімін табуына ауадай қажет! Міне, құрметті оқырман қауым, Сәуле Мешітбайқызы АНАМЫЗ-дың мақаласынан кейінгі көкейімде түйген ойларымды сіздермен бөлісіп отырмын. Оқыңыздар! Ойланыңыздар! Ой түйіңіздер! Ой пікірлеріңізді ортаға салып оқырманмен бөлісіңіздер!

Бағдал Ақынұлы,  ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

elana.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер