«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Дүние, қарап тұрсаң, шолақ екен…»
Дүние, қарап тұрсаң, шолақ екен…»
Дайындаған: 2 ай бұрын

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Абай

Қазақ адамға қаратып «өлді» деп айта қоймайды. Мал екеш малдың өзіне қаратып айтқанның өзінде «арам қатты» деп жатады. Мал сойғанда «өлді ме?» деп сұрамайды, «жаны шықты ма?» деп сұрайды. Бұл сөзді бабаларымыз барынша жұмсартып айтуға тырысқан. Мұның өзі бабаларымыздың дүниенің ақыреттігіне, бұ дүниеден басқа да дүние – о дүниенің барлығына сенгендігін көрсетеді. Дүниеден қайтқан адамның аруақ болатындығына сенімі бекем болған. Бұл ұғым бойынша аруақтар барлық жаман істерін бұ дүниеде қалдырады. О дүниеге тазарып аттанады. Сондықтан аруақтар туралы бейсауат бөстекі сөздер айтылмайды. Бабаларымыз өлді дегеннің орнына қайтыс болды деген. Олардың ұғымынша қайтыс болды деген сөз өлді деген сөз емес. Бұл дүниеден өтті деген сөз. О дүниеге жетті деген сөз. Әр жағы мәлімсіз.
Адам баласы бұ дүниеге келгенде өзімен ештеңе алып келмейді. О дүниеге өткенде өзімен тағы да ештеңе алып өтпейді. Сондықтан «дүниеге келді, дүниеден өтті» деп жатамыз.                                        .
«Қайтыс болды» деп өз ажалынан өткен адамды айтады. Ал сол ажал құр­ғыры біреуге от болып, біреуге су болып, біреуге ауру болып жетеді. Дәмі таусылған адамның бәрі – аруақ. «Ажалы жетсе қасықтағы суға кетеді» деп біледі бабаларымыз.                                       .
Сол ажалымыз ауру, сырқат болып жетсе – адамның қайтқаны. Мұндай адамдар дүниеден қайтарын қашанда білген. Соған орай бала-шағасын, туған-тумаларын жинап, айтар өсиетін айтып, аманаттарын тапсырып дүниеден озған.

Ажалдың аяқтан алатыны белгілі. Бірінші күні аяқ кетеді, екінші күні кеуде кетеді, үшінші күні алқым кетеді. Осы үш күнді қазақ бір сөзбен «алар» деген. Осы үш күнде сал тартып жатқан сырқат орнынан тұрып кеткен, аузынан су өтпей жатқан адам атаукересін ішкен, тіл-ауыздан қалғаны кәлимаға тілін келтірген. Мұны ел ішінде «бойжазу»­ деп те айтушылық бар. Бар уақытта бейбіт өмір бола бермеген. Жаугершілікте дүниеден озған адамды «қаза тапты» деген. Бұл өз ажалынан өлмеді, жау қолынан қайтыс болды деген сөз. Дін жолында оққа ұшқандарды «шейіт» деген. «Оқ» деп бұл жерде ажал ретінде түсініледі. Ажалы, қайтқан жері мәлімсіз адамдарды да «шейіт кетті» деген. Ажалдың кісі қолынан болуы мүмкін. Қастық жасалуы мүмкін. Бұлардың бәрін «мерт болды» деген. Барымта-сырымтадағы кісі ажалын­ да мерт болды деген. Табиғат апатынан қайтыс болатындар аз емес. Біреуі суға кетеді, енді біреуі отқа оранады. Біреуіне нажағай түсіп жатады. Сондай-ақ бүгінде көлік апаты көп. Мұндай қазаға ұшырағандарды «опат болды» дейді. Өлді деп бір-ақ жағдайда айтылады.                                   .
Жаратушының әркімге берген бір сынағы болады. Сол сынаққа шыдамайтындар да бар. Ондайлар жаратушыдан өздеріне өлім сұрайды. Жанымды тезірек ала көр деп. Сол сәтінде жаны шығып жатса – адамның өлгені. Алайда ондай адамдарға өлім келе қоймайды. Ондай­ жандар күнде өзіне өлім тілеумен болады.­ «Жаманның өлімі де жаман» деп қазақ осындайда айтады. Жаратушының мейірімі кең. Кейін жаны шығып жатса оларды да қайтыс болды дейді. Біреуді біреу мүсіркегенде, есіркегенде өлген адам деп жатады. ­Өйт­кені оның артында жоқтаушысының бол­ма­ғаны. Дұға бағыштар ұрпағының қал­мағаны. Ағайынның да, жамағайынның да болмағаны. Сонда да бабаларымыз олар­ды өлтіріп қоймаған. Ондай адамдарды балаларына тапсырып отырады. Есім­дерін оқыған Құраныңа қосып отыр деп.
Жаны тәнінен шықпаған адамды «марқұм» дейді. Шыққаннан кейін – аруақ.
Қайтқан адамның денесін «мәйіт» дейді. Кей жерде «өлік» деп те айтушылық кездеседі. Мәйіттің ендігі баратын жері – қабір. Қазақ дәстүрінде қабір алдын ала қазылмайды. Қабірді «көр» деп те айтады. Қабірлер көп болғанда «қорым», не болмаса «қабірстан» дейді. Қарағандыдағы қорымдар баршылық. Соның бастысы – Соқыр өзеніне жақын орналасқан, өзен атауымен аталатын қабірстан. Сол қабірстандағы жұмыс күндіз-түні үзілмейді. Сондағы шаруалары – қабір қазу. Бәрі дұрыс-ау. Бірақ қазақы шариғатқа сыймайтын жерлері жетерлік.                               .
Ең алдымен, қабірді адамы қайтпай тұрып қазады. Екіншіден, техникамен қазады. Қазақ баласы ешқашанда көрді трактормен қазбаған, қолмен қазған. Әлгілерге жосық айтсаң мәйіт түскенше шұңқыр, түскен соң көр деп сайрап қоя береді. Көрді алдын ала қазбаудың мәнісі бар. Көр үш түрлі қазылады. Біріншісі, ер адамның қабірі. Ер адамның ұяты белден төмен екендігі белгілі. Соған орай ер адамның көрі белден төмен қазылады. Мұндай көрді «белқұдық» деген. Өмірінде тұрмысқа шықпаған қыздарға да белқұдық қазған. Әйел адамның ұяты ­кеудеден төмен. Соған орай әйел адамның көрі кеудеден төмен қазылады. Мұндай көрді «төсқұдық» деген. Ал қызайлардың ұяты шашынан төмен. Қазақ баласы қандайда бір себеппен тұрмыс құрмаған қызына кісі бойы көр қазса – осындай себебі бар. Мұндай көрді «қызқұдық» деген. Кез келген өткінші мұндай қабірлердің бет топырағының көлеміне қарап, қабірде кім жатқанын біліп, соған орай дұғаларын бағыштаған.
Қазақ қайтқандарға қаратып «марқұм» деп айтады. Бұлай деп жан тәннен ұшқанша айтылады. Ал жанның тәннен ұшуы қырық күнді алады. Соған орай марқұмның қырқы беріледі. Одан кейін аруақ. Қырқын бермейінше марқұмның басын көтермейді. Жылында адам ағзасы еріп, ет сүйектен толық ажырайды. Қазақтың марқұмға деген ең соңғы құрметі осы жылында беріледі. Оны «ас» дейді. Бұл астың мәртебесі үшімен де, жетісімен де, қырқымен де қабыспайды. Қазақтың асы барынша салтанатымен өтеді. Есебі той десе де болады.­ Ат шаптырады,­ балуан күрестіреді, ақындарын айтыстырады. Бұл жерде марқұмның жылы мен асын шатыстыруға болмайды. Ең алдымен айтарымыз – баба­ларымыз пайғамбар жасына келмеген аруақтарға ас бермеген. Олардың жылын берген. Арқада Бәйсейіттің Нұрланы деген атымтай жомарт тұлға болған. Сол жомарт қырық жасына жетпей ­кенеттен жабысқан сырқаттан қайтқан. Әкесі Бәйсейіт баласының жылын нағыз атымтай­ жомарттың жылындай қылып береді. Ат та шапқан, айтыс та болған, палуан да белдескен. Бірақ ас емес. Ұрпақтары да ас берілді деп айтпайды. Өйткені сауын айтылмаған. Мәшекеңнің Құнанбай асының берілмеуіне байланысты айтатын уәжінің астары да осындай. Орта жүзге сауын айтылмаған, өйткені иісі қазаққа сауын айтылмаған. Басқа жұрт өлімнен қорықса да қазақ баласы өлімнен қорықпаған. Қанша күн жарық көрсе де бір өлімнің һақтығын ұмытпаған. Сондықтан оған кәдімгідей дайындалған, дайындық жасаған. Бабаларымыз өлімді материалдық тұрғыдан түсінбеген. Рух тұрғысынан келген. Содан­ да барынша қорқынышты өлім сөзіне байыпты қараған. Соның бірі үмбетінің «Жаратушының иелігіне өтті» деген ұғым. Бұл ұғым бойынша үмбеті Жаратушының иелігіне өткеннен кейін біржолата о дүниенің адамына айналады. Бұ дүниемен тек қана Құран бағыштаумен ғана байланысады. Адам дүниеге мұсылман болып келеді. Адам дүниеден мұсылман болып өте ме?! Оның жауабы сан алуан. Соңғы демінде тілін кәлимаға келтірсе жетіп жатыр. Мұсылман болғаны. Мұсылман болып өтпесе – өлгені. Оның артынан қанша бағыштасаңыз да оқыған дұғаңыз бармайды. Өлімнің өзінің екі сипаты бар. Бірі – бұ дүниенің өлімі. Екіншісі – ­о дүниенің­ өлімі.
Бұ дүниеде мың жасағандар болған! Мәңгілік жасағандар болмаған! Мәңгілік ғұмыр тек о дүниеде ғана! Ендеше, өлімнің өзі шартты ұғым болып шығады. Бұ дүниеде өледі, о дүниеде тіріледі! Түптің түбінде бұ дүниедегі тірлігін о дүниенің дайындығы деп білген. Кебін кимейінше өлім жоқ деп біледі бабаларымыз. Кебенек киген соң өлім бар деп біледі. Он екі мүшесіне алар кірген жан енді кетудің қамын жасайды.­ Оның ең бастысы – арыздасу. Ел арыздасуды «қоштасу» деп біледі. Алайда бұлар бар-жоғы мағыналас сөздер. Арыздасу – ауыр сырқаттың еншісі, бұ дүниенің адамы еместің еншісі. Арыздасуға ет жақын адамдар қатысады. Артық айтқан сөздеріне, білместікпен істеген амалдарына кешу сұрайды. Арыздасу жансыз заттармен де болған. Мәселен, насыбайшы шақшасымен, домбырашы қалағымен, ұста көрігімен арыздасқан. Мінген қыл­құйрығымен, жүгірткен итімен, алғыр құсымен де арыздасушылар болған. Атжетер жердегі ағайын-жамағайын, ел адамдары алар кіргенін естісімен кешу айтысуға қамданады. Өйткені қазақ ішінде «Алла кешсе де аруақ кешпейді» деген ұғым қалыптасқан. Бұл ұғым бойынша пендесі аруақ санатына өткендіктен кеше алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұ дүниенің адамын о дүниенің адамы кеше алмайды. Сондықтан да о дүниенің адамы бұ дүниенің адамы болып тұрғанда кешу айтуға ұмтылады. Мұның кең тараған түріне Әсет пен Кемпірбайдың айтысын жатқызуға болады. Әрине, бұл айтыс та емес, көңіл сұрау да емес, бұл – кешу сұрау. Көңіл сұрау мен көңіл айту да мағыналас сөздер емес. Көңіл сұрау сырқаттың хәлі әлсірей бастағанда басталады. Көңіл сұрау сырқаттың әл-қуатын арттыруға, көңіл күйін көтеруге бағытталған. Сырқаттың көңілін сұрауға қандайда бір шектеу қойылмаған. Алайда көңіл сұраушының әңгіме-дүкенге жарамдылығы, әңгіме айтып сырқатты жетелей алатындығы ерекше бағаланған. Арыздасу мен кешу сұраудан кейін бой жазушының сәлем салуы болады. Өйткені арыздасу мен кешу айтысуға жер шалғайлығына, басқадай да себептерге байланысты келмей қалған ел жақсыларына дұғай сәлем жолдаған. ­Шортанбай жыраудың Арқаға келіп қайтқаны белгілі. Денесі ауырлап, жер тартқанда жырау дұғай сәлем жолдаған. Сол дұғай сәлемдердің бірінде Кәрсен Көпбай мен Керней Нұрлан мырзаның да есімі аталады:
Дұғай сәлем айтайын,                              ,
Көпбай менен Нұрланға!                                           .
Харамды мал демесін,                                          .
Зәбір болар иманға.                                              .
Қазақтан пара алмасын,                                              .
Ұмытпай жүрсін Алласын.                                        .
Құдайдан қапы қалмасын,                              .
Өлгенді менен барласын.                          .
Бізде қоштасу деген жоралғы жоқ. Елдің айтып жүрген қоштасуы «бақұлдасу» деп аталады. Бақұлдасуды көбінесе алар алқымға кіргенде айтқан. Онда балаларымен, ағайынымен, құдайы қосағымен бақұлдасады. Айтар өсиетін айтады. Мәселен, басын қайда қоюды, сүйекке түсуді. Алланың үмбеті дүниеден озғаннан кейін оның қазасын ет жақыны естіртеді. Арқада айтулы Бодық деген батыр өткен. Хан Кененің қолында соғысқан. Бодықтың жалғызы Керімбек мерт болғанда баланың өлімін ағасы Қодық естірткен. Ол естіртуі мынау:
– Батыр!
Қарадан алған алғысың көп:
Салмағы пілдей болады,
Шапағаты тілдей болады.
Төреден алған қарғысың көп:
Салмағы зілдей болады,
Атқан оғы мірдей болады.
Сол оқ жалғызыңды тапты,
Жетектеп кеп отырмыз
Керімбек мінген атты.
Жан иесі қайтыс болғаннан кейін жоқтау айтылады. Ел тұтқаларының жоқтауын белгілі шайырлар шығарып беріп отырған. Арқаның атақты болысы Құлжанбек қайтыс болғанда атақты ­деген бес шайыр жоқтауын жазған. Соның ішінде баласы Әбеудің жоқтауы өткен дейді. Арқада Берден деген дамолда өткен. Сол кісі жиырма тоғыз жасында шешектен қайтыс болыпты. Сондағы бәйбішесі Аққыздың айтқан жоқтауы:
– Қалың Түйте жосылып,
Қашты бәрі шұбырып.
Қызылтаудың баурында,
Төрт баламды құшақтап
Қалдым жалғыз зар ұрып.
Кернейдің ұлы көп еді,
Қалың біткен тоғайдай.
Бірінен себеп болмады,
Махамбетше, Ноғайдай.
Айым мен күнім тұтылды,
Алтын сақам ұтылды.
Қарарға көзім сытылып,
Қармарға қолым қырқылды.
Айтып-айтпай не керек,
Тағдырдың бар ма шарасы.
Кемелге келген марқасқа,
Қырық жастың арасы.
Ежелден қыршын кететін,
Атасы мен бабасы.
Маңдайға берген сор-дағы,
Табылмай ауру дауасы.
Емдесе де неше жыл,
Келмеді дәрігер шамасы.
Асқар да тауым құлады,
Көзімнің жасы бұлады.
Жастай қалған төрт бала,
Кімді сүйеу қылады?
Артында бәйбіше-тоқал қалып, олар­дың қосамжарланып жоқтау айтатыны болған. Ондай жоқтауды бәйбіше-тоқал жоқтауы деген. Арқада бүлікшіл Тоқсантайдың Қапасы деген ақын өткен. Атақты Мәди ақынды қамақтан босатып аламын деп Қарқаралы түрмесін шаппақшы болған. Сол Қапас қайтыс болғанда бәйбіше-тоқал жоқтауы айтылыпты.
Шүйкенің (бәйбіше) жоқтауы:
– Аузыма алдым Алланы-ай,
Отырмын бейбақ зарлап-ай.
Бізді кімге тастадың,
Ғайып боп кеткен, парман-ай.
Күлісті Күреңді
Күдірейтіп байлаған,
Алмасын шарға қайраған.
Жасанған жаудың алдынан,
Малын жалғыз айдаған.
Сауыты қалды-ау сандықта,
Қатыны қалдық тұлдықта…
Тәшкеннің (тоқал) жоқтауы:
– Ортадағы таяныш,
Жанбай жатып өштің-ау,
Ел орнынан қозғалып,
Көктемеде көштің-ау.
Алла өзі қиғанын,
Өзі алды, қайтем-ау.
Кәміл болсын иманы,
Қай ісіңді айтам-ау.
Жоқтау айтып босамын,
Дауысымды қосамын.
Қоштаспай кеткен ақсұңқар,
Қай қылтадан тосам-ау.
Жаным қалай қиналман,
Ақсұңқар құстың сойы еді.
Осынша халық жиналған,
Жұртым-ау, неткен той еді?..
Бізде жоқтауды әйел адам айтады ­деген ұғым қалыптасқан. Шын мәнінде ер адамдар да жоқтау айтқан. Одан сыртқары балалары да жоқтау айтқан.
Ендігі жоралғы басу айту, кей жерлерде мұны «жұбату» дейді. Тағы да мыса­лын­ келтірейік. Сол Бодыққа Кәрсен Шамыр­хан­ ақын басу айтады. Онысы мынау:
– Тесік етік білінеді су кешкенде,
Түлік басы білінеді ел көшкенде.
Бала деген болжаусыз екіталай,
Бітер-бітпес бел шешкенде.
Батыр!
Буарсыз беліңді,
Қу жалғыз мерт болып
Бастап келдім елімді.
Жалғыздық Тәңіріде
Пендесі болмас жалғыз.
Алланың не берері, бермесі,
Екі дүниеде де болжаусыз!
Ал көңіл айту белгілі бір топтың, болмаса елдің атынан айтылады.
Айтып отырған Бодық батыр қайтыс болғанда сегіз ата Кәрсенді бастап Көпбай, үш ата Қоныштағайды бастап Дүйсенбай би келеді. Осы тұста аталасы Балта Бәкі шешен де жетеді. Сондағы шешеннің Бәшекең бастаған топқа айтқан көңіл айтуы:
Мұнар да мұнар аспанды,
Шерімен бұлт торлады.
Әбілеттің адасып,
Түйтеге кеп қонғаны.
Ауыздық тартқан Алаштың,
Ер көңілі борлады.
Бұйра жатқан Бошанды,
Шемен түсіп шорлады.
Келген жауды аудырған,
Ат босатпай кермеден.
Төбелеп келген төрені,
Ерқараға теңгерген.
Хан Саржанды қаштырып,
Ер Науанды састырып
Келгенде өлім Батырға,
Хан Кенекем бермеген.
Өз дегені болмаса,
Өзге жанға көнбеген.
Өзгеге соң ермеген
Бодық қайтып туар ма?
Қауіп-қатер бар жерге,
Жанына қара алмаған.
Андағайлап жау шықса,
Алдына жан салмаған.
Шаң қаптырып келгенде,
Олжадан жан қалмаған.
Жоқ ісіне бармаған
Бодық қайтып туар ма?
Сегіздің алды, Көбекем,
Үшеудің алды, Дүйсекем,
Төртеудің алды, Бәшекем,
Сендерде арман бар ма екен?
Зая қылар бәрін де,
Тоғыз айдың толғағы.
Талай да келер жайсаңы,
Талай да келер байсаңы…
Қайда Бодық болмағы?
Ендігі дүние – қаралы үйді белгілеу. Ел дауыс қойып келеді, ат қойып келеді. Ондай үйді айырықшалап қояды. Биік сырыққа ту іліп қояды. Қайтқан адам жас болса – қызыл, жасамыс адамға – қара, ал қария болса, ақ орамал байлаған. Қандай адамның қайтқаны осы белгі арқылы білініп тұрады.
Қайтқан адамды бүгінгідей таңертең өтсе түсте жерлеп тастамаған. Үйіне бір күн қон­дырған. Оны «шымылдық» ­деген. Шымылдық күзетіне ет жақын есті қария қалдырылған. Мұны «жансауға» деп те айтады. Оның себебі түсінікті. Кейбір адамдардың уақытша жан тапсыруы болады.­ Қазіргі тілмен айтсақ – клиникалық өлім.
Жаназасы шықпайынша Құран оқылмайды. Ал дәлел тартуға жол ашық. Жаназадан бұрын мәйітті тәрбиелейді. Оны Арқа қазақтары «мейрам суы» дейді.
Мынаған назар аударайық.
Құстар мәз-мейрам…
Балалар да мәз-мейрам.
Құстар су ішті деп.
Құстар су ішіп жатыр деп.
Көк бүр жарды.
Қыс кетіп барады…
Бұл наурыздың 14-і.
Наурыз осы күні кіреді.
Осы күні құс су ішеді.
Оны Мейрам суы дейді.
Бұл құстың бірінші су ішуі.
Адам баласы да Мейрам суын ішеді.
Соңғы суы.
Оны да Мейрам суы дейді.
Алланың үмбеті жан тазалығын жо­ғарыда айтқанымыздай өзі атқарады. Ал тән тазалығын ет жақын ағайындары, жақын-жуықтары атқарады. Яғни мейрам­ суын ішкізеді. Ондай адамдар ел таңдауына түседі. Егер өсиеттеген болса бақұлдасуда айтқан кісілерін түсіреді. Ондай­ адамдар саны бестен аспайды.
Мәйітті жерлеу артында қалған ет жа­қындарына сын. Басын қарайт­пайын­ша жақындарында тыншу бол­маған. Соған орай жылына дейін басын­ қарайтатын болған. Оған ел-жұрт болып­ қатысқан. Сондықтан да бейітке құрметпен қараған. Жанынан өтіп бара жатқан жолаушы міндетті түрде атының басын іркіп, дұға жасаған. Бұл сүннет амалына жатады. Бейіт бұзу үлкен күнә саналған. Кенесарының қырғызбен соғысы нақ осы бейіт бұзудан басталған. Марқұмның өсиеттеген жеріне, мәселен, боран соғып жеткізе алмағанда аманат деп жеткен жеріне қойған. Бірақ кейін қайтып қазып алып тиісті жеріне жерлеген. Аманатқа ешқашанда қиянат жасалмаған. Аманат басына ешқандай белгі қойылмаған. Қабір топырағын белгі еткен. Қайтқан адам жерленген­нен кейін артында қалған мүкә­малы­­ тұлданады. Оған қару-жарағы, ертоқымы, мінген аты, құдайы қосағы жатады. Бұған бала-шаға кірмейді. Ал тұлданған ат пен тұлданған қатынның жайы басқашалау. Құйрық-жалы күзеліп тұлданған ат жылына жаратылса, тұлымы кесілген қатынға жылынан кейін әмеңгерлік салтымен байға шығу мүмкіндігі берілген. Ағасы қайтса інісі, інісі қайтса ағасы әмеңгер болған. Ал тұлданған аттың басы қазанға тұтастай салынған. Оған ел жақсылары, ел басшылары арнайы шақырылған. Ондай шақырулар болмаған жағдайда өкпе-реніштер туындаған. Бабаларымыз «Өліде аруақ, малда кие, аста кепиет» бар деп білген. Бұлардың үшеуі де атады, соғады деп білген. Аруақ атымен анттасқан. Cондықтан да малды ұрып-соқпаған, асты да ысырап қылмаған.

Төрехан Майбас,  жазушы-этнограф

Қарағанды қаласы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер