Қара қылды қақ жарған — жақсылардың белгісі.
*
Тексіздің тегі — құл.
*
Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген — ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар.
Ақыл деген — дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек
*
Асқар тау сенде бір мін бар-
Асу бермейсің;
Тасқын су, сенде бір мін бар-
өткел бермейсің;
Билер, сендерде бір мін бар-
Басқаға сөз бермейсің!
*
Сөз қуған пәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады.
*
Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін;
Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін.
Бай болып пайдаң тимесе,
Батыр болып найзаң тимесе,
Жұрттан алабөтен үйің күйсін!
*
Сарқылмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақтысы жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген пәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ,
Бәрінен қиын сол екен,
Артыңда жанған шырақ жоқ…
*
Aqsaqaldar.kz