«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
Дайындаған: 3 ай бұрын

Келер жылы қазақтың бір туар перзенті, данышпан, ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Біз осы атаулы күнге байланысты белгілі абайтанушы, әдебиетші Мекемтас Мырзахметовты әңгімеге тарттық. Ғалымның сұхбаты Абай заманынан бергі ұлттық тақырыптар мен қоғамдық түйткілдердің біразына арналды.

 

Jas qazaq: Мекемтас аға, ертең Абай Құнанбайұлының туған күні. Келер жылы ұлы ақынның туғанына 175 жыл толады. Жұрттың бәрі жаппай Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып жатыр. Жыр эстафетасынан абайтанушы Мекемтасты таба алмадық. Неге?                        .                                          
 

М.Мырзахметов: Біздің қазақ тотықұс сияқты: Абайды жатқа оқиды. Бірақ Абайдың ойын білмейді. Өлеңінің мазмұнын түсінбейді. Жалпы Абайды түсіну қиын. Мені ешкім шақырған жоқ. Шақырса, бір өлеңін оқитын едім.
 

Jas qazaq: Сонда Абайды түсіну үшін не істеу керек?                           .
 

М.Мырзахметов: Абайды өмір бойы зерттеп жүрген менің өзім зорға түсіндім. Өйткені, біз Абайдың терминдерін білмедік. Мысалы, аспирантурада оқып жүргенде «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінің:
«Ақыл мен хауас барлығын,                                   .
Білмейдүр, жүрек сезедүр.                                              .
Мұтәкәллимин, мантикин                             .
Бекер босқа езедүр», – деген жолдары бар. Түк түсінбедім. Өзбектерге бардым. Олар жарытпады. Татарларға бардым. Олар шамалап бірдеме де айтты. «Бізден гөрі өзің жақсы біліп тұрсың ғой», – деді татарлар. Хауас деген сөзді үш жыл іздеп, ақыры конференция ашып шықтым.                   .
 

Jas qazaq: Абайды Әуезовтен кем танымаған шығарсыз. Кемеңгер ақын қазақтың кейбір мінезіне қатты ашынып өлең жазды, қара сөз арнады. Сіз бұрынғы сұхбаттарыңызда бүгінгі қазақ мінезінің өзгергенін көп айтып жүрдіңіз. «Қазақ қалай шоқынды?» деген кітап жаздыңыз. Жалпы, қазаққа жасалған қиянат, қазақ мінезінің өзгеруі қай кезден бастау алды?
 

М.Мырзахметов: Қазақ мінезі көп өзгеріске түскен халық. Қазақ мінезін, болмыс-бітімі мен табиғатын өзгерткен – патша үкіметінің болыстық жүйесі. Тарихшылар оны ашып айтпайды. Патша үкіметі кезінде қазақты тоздыру үшін әртүрлі жабайы тәжірибелер жасалды. Жандайшаптар патшаға хат жазған. Хатта «Қазақ даласында сексеуіл деген өсімдік өседі. Оны балталап, аралап шаба алмайсың. Сексеуілді сексеуілмен ғана ұру керек. Сонда быт-шыт болады. Қазақ та сексеуіл сияқты: оларды бір-біріне айдап салу керек», – деп жазған.
Міне, сөйтіп патша Сырдарияның генерал-губернаторына тапсырма берді. Ол ел билеу жүйесіндегі болыстық жүйені жасады. Ол өзі әбден пысқан, ысылған адам. Патшаға ұнайды. Патша «Енді осы жүйені өзіңнің қарамағыңдағы бір болысқа қолданып көр. Не шығар екен?», – дейді. Оңтүстікте, Түлкібас ауданында Майлыкент дейтін жер бар. Сол жерден Майлыкент болысын құрады. Онда дулат елінің құли және шілменбет деген екі руы отырады. Солардың арасынан ауылнай, елубасы, би, болыс сайлап, бір-бірімен бәсекеге түсіреді. Жалпы 70 штатқа таластырады. Нәтижесінде қазақты қазаққа айдап салады. Әкесі баласының үстінен, баласы бауырының артынан арыз жазады. Қазақтың мінез-құлқы алғаш рет сол кезде бүлінді. Абай осыны көрді. Сөйтіп, ол өзінің «Толық адам» деген ілімін жасады. «Толық адам» арқылы рухани азып бара жатқан қазақты тәрбиелеп аламын деп ойлады. Бірақ ғұмыры жетпеді.
 

Jas qazaq: «Толық адамы» қандай адам болу керек?                                 .
 

М.Мырзахметов: Абайдың «Толық адамы» – ақылды адам. Ақылы нұрлы ақыл болуы керек. Қазақ мінезін одан ары құрдымға кетірген – бүгінгі капиталистік қоғам. Капиталистік қоғамда бай одан сайын қоңдана береді. Ал кедейдің сіңірі шыға береді. Бұл сондай опасыз қоғам. Испанның бір ғалымы «бай мен кедей арасындағы осы қашықтықты қалай жоямыз?» деген сұраққа бар өмірін арнапты. Сол ғалым бір ғана жол тапқан. Қалай дейсіз бе? Ол «Байлардан алынатын салықты көтеру керек. Түскен салықтың белгілі бір бөлігін кедейлер мен орта шаруаларға бөліп беру керек. Сонда ғана гармония болады», – дейді.                                              .
Кедей мен байдың арасалмағы алшақтаған сайын қоғамнан тыныш кетеді. Оның үстіне, біздің байлардың дені – ат төбеліндей бір шоғыр ғана. Оларда билік те, байлық та бар. Олардан салық та алынбайды. Заңды өздеріне икемдеп алған. Екеумізден алынатын салық айына миллион доллар табатын дөкейлерден де алынады. Осы әділ ме?                                    .
Саған өтірік, маған шын: бір әңгіме айтып берейін. Зейнет жасындағы, асарын асап, жасарын жасаған әлдебір олигархтың тоқалының үйін көрдім.   Алатаудың ең көрікті жерінде. Таудың ішіне кіргенде, алдыңыздан төрт қабатты зәулім сарай шығады. Сол сарай әлгі байдың бір тоқалының үйі екен. Ана сарайды салуға кеткен ақшаны екеуміз өмір бойы жұмыс істесек те таба алмаймыз. Ал аналар оны ойланбай табады да, тоқалына бере салады. Мен біздің олигархтардың маңдайы терлеп жұмыс істемей миллионер, миллиардер бола алатынына таңым бар. Миым жетпейді. Тіпті олардың өзі ғана емес, баласы мен немерелері де жұмыс істемейді. Бірақ ақшалы. Тоқсанға келген, өмір бойы ғылымға, ұлтқа еңбек еткен менің өзімде ондай ақша жоқ. Ал оларда қайдан келген ақша? Не салыққа төлемейтін, не халыққа төлемейтін байлықтарының сұрауы жоқ па?                                 .
 

Jas qazaq: Әртүрлі жолмен ай сайын миллион доллар табатын сол олигархтарыңызда қанағат, тойым деген бар ма?                       .     
 

М.Мырзахметов: Біздің заманымыздан бұрынғы 626 жылы Тұранның ұлы патшасы өзі жомарт, өзі дархан жан болыпты. Жүрген жерінде байлығын халқына шашып жүреді екен. «Мені ақи деп біліңдер. Ол менің жалпақ атым болсын», – деген. Ақи – жомарт жан деген сөз ғой. Патша өлген соң түрік қалаларындағы жастар «Біз де ақи боламыз» деп саудамен айналысыпты. Ақи культке айналыпты. Ол кезде түрік қалаларында ақша көп болған. Әлгі жастар тапқан ақшаларының аз бөлігін бала-шағасының несібесіне қалдырып, қалғанын түгелдей халыққа таратып береді. Қазір бізде де ақилар көп. Бірақ олар тапқан ақшасын түгелдей қойын-қоншына тыға береді, тыға береді. Бүгінгінің байында тойым жоқ. Қанағат жоқ. Ынсап жоқ. Себебі біздің ақилар құныққандар. «Ашыққаннан құныққан жаман» дейді. Мені осылардың тойымсыздығы қорқытады. Дүние-мүлкі шашылып, іріп-шіріп жатса да тоймайды. Шенеуніктің кедейі жоқ. Құдды мемлекеттік қызметке жұмыс істеу үшін емес, баю үшін баратындай.                                       .
 

Jas qazaq: Бәлкім, мұның сыры мемлекетшіл тұлғалардың аздығынан болар? Елін сүйген, өз мемлекетін жақсы көрген кез келген азамат өз Отанына зиян жасаудан арланса керек-ті?                             .
 

М.Мырзахметов: Бізде кадр саясатынан өте үлкен қателік жіберілді. Яғни біз Сталиннің методын қолдандық. Ол билікке тек қана технократтарды алды. Технократтар ойланбайды, орындайды. Қоғамдық ғылым мамандарынан ешкімді қоймады. Қазір де солай. Шенеуніктердің дені – технократтар. Үкіметке қоғамдық ғылымның өкілін қою керек. Ол ойлана алады.
Йассауи бабамыз айтқан: «Ғалым екеудүр: жан ғалымы, тән ғалымы. Жан ғалымы хазіретіне жақын тұрар, тән ғалымы нәпсі үшін қаладүр», – дейді. Бізде сол тән ғалымдары салтанат құрған. Еуропалықтар «Жан ғылымы көзге көрінбейді, оны зерттегеннен не пайда?» деп, тән ғылымын қолға алды. Ғылымды өкіртіп тұрып дамытты, техниканы жетілдірді. Ақыр соңында рухани жақтан азғындап тынды. Қазір содан шығар жол таппай отыр. Олар рухани байлықты бізден алмаса, басқа жол жоқ.

Мағжан Жұмабаев:

Күншығыстан таң келеді, мен келем,                                        .
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем…                              .
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:                                        .
Мен келемін, мен — пайғамбар, Күн ұлы – деп өлең жазған.
Демек, еуропалықтарға рухани байлықты біз – қазақтар береміз. Негізі Абайдың ілімі бүкіл дүниені тәрбиелейді.

Jas qazaq: Сіз осыдан бірнеше жыл біздің газетке берген сұхбатыңызда: «Біз еуропалық ұлтқа айналып бара жатырмыз» деген едіңіз. Ал қазір «Еуропалықтарды біз тәрбиелейміз» деп отырсыз. Бұл қалай?                                              .
 

М.Мырзахметов: Еуропада қаншама ұлт пен ұлыс жұтылып кетті. Жаһандану деген алапат тажал дегенін істеді. Алайда біз Батысқа жұтылмаймыз. Жұтылуға тиіс емеспіз. Тәуелсіз ел болып, көзіміз ашылды. Енді күш бермейміз. Бірақ қазақ қыздарының бұзылып кеткенін жоққа шығармаймын. Тіпті әйелдер де бұзылды. Анаған-мынаған еліктейміз деп етегімізді аштық. Қайтіп жаба алмай қалдық. Қыз мінезінің бұзылғаны сондай – әйел затынан алаяқтар көп шығатын болды. Екі күннің бірінде теледидардан алаяқтықпен біреулерді алдап-арбап ұсталып жатқан қыз-келіншектерді көрсетеді. Тіпті ер-азаматтардың қолынан келмейтін қылмысқа баратын болған. Арақ ішу, темекі шегуден жігіттердің алдына түсіп кетті. Ондай әйелден қандай бала туады? Жатырда бүлінген бала ешқашан оңбайды. Одан ұлтқа пайда әкелетін ұрпақ өспейді. Ажырасу да көп. Жастай бұзылған қызды қай жігіт жар қылсын? Айта берсең, әңгіме көп. Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе есіктегі күңнен тыйым» деп бекер айтпаған. Есіктегі күң мен босағадағы құлдың да қызды тыйып ұстауға хақысы болған. Сондай ел едік қой! Біздің жас кезде «бұзылған қыз» деген сөзді естімейтінбіз. Әйел бұзылды дегенше, ел бұзылды дей бер. Оны түзеу қиын. Еркектер де оңып тұрған жоқ. Жігіттердің бойындағы жалқаулық, нәпсіқұмарлық дендеп кеткен. Бұл тығырықтан шығаратын жалғыз жол – Абай.                                         .
Абай ілімін мектептен бастап жоғары оқу орындарының бәрінде оқыту керек. Шенеуніктерден мемлекеттік тілден емтихан алған сияқты Абай ілімінен де сынақ алу керек. Сонда ғана қоғам өз орнына келеді. Абайға бір кірген адам жаман жолға бара алмайды. Бұған менің көзім анық жеткен.
 

Jas qazaq: Ғылымға көңіліңіз тола ма? Жазылып жатқан диссертация, қорғалып жатқан дипломдардың сапасы сын көтере ме?                              .
 

М.Мырзахметов:  Жоқ. Көңілім толмайды. Осы былықты жасаған адам – білім саласын басқарған әлдебір министр. Аты-жөнін, нені бүлдіргенін жұрт жақсы біледі. Министр болып тұрған кезінде менімен өлердей алысты. Мен оған «Аралас мектептерді жабайық. Қазақты құртқан сол аралас мектептер. Тіпті тарихта қазақты шоқындырған да осы аралас мектептер» дедім.
Аралас мектепті ең алғаш шығарған генерал-губернатор Кауфман. Ақмешітке барды. Қазақтың балалары бір бөлек, орыстар бір бөлек оқитын. Қазақтар орысша сайрап тұр. Бірақ сабақтан кейін орыс балаларына қосылмай бөлек ойнап жүрген. Осыны көрген генерал-губернатор «Қазақтар мен орыстарды бірге оқытыңдар», – дейді. Бір жылдан кейін келсе, қазақ-орысы қосылып, асыр салып ойнап жүрген. Содан кейін жаппай аралас мектептерді ашты. Мұндай идеяны орыстың миссионерлері де айтқан. Қазір бізде екі мыңға жуық аралас мектеп бар екен. Бұл Тәуелсіздігі тасқа жазылған ел үшін үлкен қасірет!
Білім саласындағы бүгінгі жүйе барымыздан айырды. Бұрынғы немістің жүйесі жақсы еді. Ғылыммен айналысатындар кандидаттық диссертация қорғайтын. Оның өзі талай сүзгіден өтуші еді. Комиссия мүшесінде мүйізі қарағайдай доктор, профессорлар отыратын. Ал қазір оңай. Кафедрада отырған жеті-сегіз адам қол көтерсе болғаны, әлгі магистрант немесе докторант еңбегін қорғай береді.                         .
Осы жаңа жүйеге ауысқалы бері бірнеше жүз доктор шығыпты. Маңдайы жарқыраған біреуі бар ма? Жоқ. Мен ғылым докторымын. Біреуге ғылыми жетекші болайын десем, бірде-бір мақалам шетелдің журналында жарық көрмепті. Сондықтан жетекші бола алмайды екенмін. Бір жағынан шетелдің журналында мақала шығару деген қып-қызыл ақша. Қысқасы, жасанды ғылым мен жағымпаз ғалымды топырлатып жатырмыз. Қазіргі PHD докторлар бұрынғы кандидаттардың қолына су құйып бере алмайды. Деңгейлерінің арасы – көк пен жердей.                                .
Осы арада тағы бір қызықты айтайын. Білім саласы осы жүйеге ауысқалы қалтасы қалың әкім-қара, шенеуніктер мен әнші-әртістер жаппай магистратура мен докторантураны оқуға көшті. Қауашағында білім жоқ, бірақ қалтасында PHD доктор деген таудай атағы бар. Бұл да бүгінгі білім жүйесіндегі былықтың бір көрінісі.                        


Jas qazaq: Қазіргі жазушы қауымның беделі қалай? Жазушылар одағының құрамында 700-ден аса қаламгер бар екен. Бірақ ұлттық, қоғамдық мәселеге келгенде, соның ішінен жеті жазушы таппаймыз. Неге?                                         .
 

М.Мырзахметов: Жазушы беделі табанға тапталып жатыр. Кім дуана, кім қайыршы? Ақын мен жазушы. Өйткені баяғыдай кітап оқитын оқырманды шам жағып іздесеңіз де таппайсыз. Бұрын «Жұлдыз» журналы қойшылардың қонышында жүретін. 200 мың таралыммен шықты дейтін. Қазір қаламақы мен кітап шығару жүйесі тұралап тұр. Бұрынғы жазушылар бір кітабының қаламақысына бір пәтер алатын. Оның бірі жоқ қазір. Содан кейін ақшасы аз, қалтасы таяз, қарны аш адамда абырой болсын ба? Капиталистік қоғам жазушы түгілі, қарапайым адамды да аямайды.                                     .
 

Jas qazaq: Мекемтас аға, тоқсаннан астыңыз. Қаншама ауыр жылдарды басыңыздан өткердіңіз. Жадыңыздан өшпейтін ең ауыр күн деп нені айта аласыз?


М.Мырзахметов:

 Ашаршылықты. Нәубет басталғанда мен 4 жаста едім. Шешем мені қолынан тастамай көтеріп жүретін. Станция мен ауылдың арасы 2,5-3 шақырым. Әкем ұста болатын. Аздап алтынымыз болды. Соны сатып күн көрдік. Кейін әкемізді бай-кулак деп тұтқындады. Түрмеде жатып көз жұмды марқұм. Үйіміз еуропалық үлгіде салынған, едені тақтайланған жақсы үй еді. Өртеп жіберді. Үйдің ортасында тіреу болған. Әкем тіреудің бір жерін білдірмей ойып, соған алтын сақтайтынбыз. Үймен бірге өртеніп кетті. Бәрі әлі күнге дейін көз алдымда.
Әкем түрмеде, ағайларым айдалып кеткен. Шешем, сегіз айлық қарындасым үшеуміз қалдық. Талғажау қылатын тамақ жоқ. Бір күні шешем «Сендерге тамақ істеп беремін», – деп, қазанға қара тасты салып сақырлатып қайнатты. Қазанның қайнағанын күтіп жатып ұйықтап кетіппіз.
Ертесі нағашы жездемнің үйіне баратын болдық. Өріктісай деген жерде еді. Бақуатты тұратын. Екі ара сегіз шақырым. Таңертең шыққанбыз. Ашпыз. Жыбырлап келеміз. Кеш батып көз байланғанда ауылға жақындадық. Қырсыққанда алдымыздан үш қасқыр салаң етіп шыға келді. Шешем байқұс шыр-пыр болып айғайлап, қолындағы таяғымен жасқап жатыр. Қорыққанымнан шешемнің көйлегінің астына кіріп кеттім. Қасқырлар жақындап келеді. Өлім мен өмір арасында шешем тез шешім қабылдады. Не мені, не қызды аман алып қалу керек. Құндақтағы сегіз айлық қарындасымды қасқырларға қарай лақтырды да жіберді. Аш қасқырлар қызды бас салып, таласып жатқанда мені алып сайға қарай қашты. Ауылға 500 метр ғана қалған екенбіз. Алдымыздан адамдар шықты. Не болды деп шулап кетті. Айттық. Еркектер аттарымен шауып кеткен. Барса, қыздың шашы ғана қалыпты. Егер әлгі аш бөрілер қарындасыма алданбағанда, бәрімізді жеп қояр еді. Ана үшін қандай қиын шешім болды екен?! Сондай қысқа сәтте санада ұлды, әулетті сақтау керек деген идеология болған ғой. Қазіргі жас аналарда ондай идеология түгілі, ой да жоқ шығар. Біздің бастан сондай ауыр да, азапты күндер көп өтті. Тоқсаннан астым ғой. Ғұмырнамалық кітап жазып жатырмын. Осының бәрін кіргіземін. Болашақ ұрпақ оқып, қажетіне жаратар.
 

Jas qazaq: Көпті көрген ақылгөй қария ретінде айтыңызшы, болашақтан не күтесіз?


М.Мырзахметов: Мен болашаққа сенетін адаммын. 2020 жылы қазақтардың үлесі 90 пайызға жуықтайды. Қазақ тілі өздігінен үстемдік алады. Ақылы жоқтар баласын орысша оқытып жатыр. Олар өкінеді. Орыс тілі қайтадан қалпына келе алмайды. Қазақстан үшін мемлекеттік тіл де, ресми тіл де қазақ тіліне айналады. Ал ағылшын тілін өркениет тілі, әлем тілі, техника тілі ретінде пайдаланатын боламыз.

                    .
Jas qazaq: Айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рахмет!

 

Жарас Кемелжан

 

JASQAZAQ.KZ

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер